Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі алқа отырысында ішкі істер органдарының 2025 жылғы жедел-қызметтік жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтар айқындалды. Жиында сөз сөйлеген Ішкі істер министрі Ержан Саденов өткен жыл Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру тұрғысынан шешуші кезең болғанын атап өтті. Министрлікте жарияланған Профилактика жылы құқық бұзушылықтың салдарымен емес, алдын алумен күресуге мүмкіндік беріп, бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жүйелі профилактикалық және жедел шаралардың нәтижесінде 2025 жылы елдегі қылмыс саны 6 мыңнан астам фактіге азайды. Әсіресе кісі өлтіру, ауыр дене жарақаты, қарақшылық, тонау, ұрлық, бұзақылық сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша айтарлықтай төмендеу байқалды. Қылмыстарды ашу деңгейі 98%-ға жетіп, өткен жылдары жасалған 2,7 мыңнан астам қылмыс әшкереленді. Полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскерді ұстады.
Әлеуметтік қауіпсіздік бағытында да нақты нәтижелер бар. 20 мыңнан астам хабар-ошарсыз кеткен азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды. Жәбірленушілерге келтірілген залал бойынша шамамен 60 млрд теңге өтелді. Сонымен қатар 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Мас күйінде көлік басқарған 23 мыңнан астам жүргізушінің анықталуы жол-көлік апаттарының алдын алуға мүмкіндік берді. Балалар мен жасөспірімдерге қатысты профилактикалық жұмыс күшейтіліп, 9 мыңнан астам жасөспірім тәлімгерлік, спорт және алдын алу бағдарламаларымен қамтылды.
Ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен күрес те күшейтілді. Қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 78 қылмыстық іс қозғалып, оның 10-ы трансұлттық сипатта болды. Қылмыстық қауымдастықтардың 299 көшбасшысы мен мүшесі жауапкершілікке тартылып, заңсыз айналымнан 2,5 мыңнан астам қару тәркіленді. Есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 31,7 тонна есірткі (12 миллионнан астам бір реттік доза) тәркіленіп, 109 есірткі зертханасы жойылды.
Киберқылмысқа қарсы күресте де ілгерілеу бар: 84,5 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталып, 13 call-орталық жойылды. Интернет-алаяқтарға көмектескен «дропперлерге» қатысты 56 қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар киберқылмысқа қарсы БҰҰ конвенциясына қол қойылып, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері кеңейді.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануына байланысты ІІМ қызметінің жаңа кезеңі басталмақ. Министрлік құрылымында Цифрландыру және жасанды интеллект департаменті құрылып, «Қауіпсіз қала» ұлттық бейнемониторинг жүйесі, видеоаналитикалық алгоритмдер, дрондар мен интеллектуалды басқару орталықтары енгізілуде. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар санын 10%-ға азайтуға мүмкіндік берген.