Бүгін Орал қаласында «Кітаппен бірге жолда» жобасы бастау алды

Бүгін, 20:33 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Аталған жобаның негізгі мақсаты — қоғамдық көліктегі жолаушылардың уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасап, кітап оқу мәдениетін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру, сондай-ақ қала тұрғындарының рухани және зияткерлік дамуына үлес қосу.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру еліміздің рухани дамуы мен интеллектуалдық әлеуетін арттырудағы маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өткен. Мемлекет басшысының айтуынша, жаппай кітап оқу мәдениетін дамыту азаматтардың ой-өрісін кеңейтіп, білім сапасын арттыруға және қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыда «кітап оқитын ұлт» қалыптастыруға бағытталған мұндай бастамалардың маңызы зор.

Жоба аясында қалаішілік №2 және №5 бағыттағы автобустар жол үстіндегі шағын кітапханаға айналдырылды. Қоғамдық көлік салондарына орнатылған арнайы кітап сөрелерінен жолаушылар көркем, танымдық және мотивациялық әдебиеттерді жол бойы еркін оқи алады. Бұл бастама қала тұрғындарының бос уақытын пайдалы өткізуіне, кітапқа деген қызығушылығын арттыруға және оқырман мәдениетін қалыптастыруға оң әсер етеді.

Аталған жобаны жүзеге асыруға қала әкімдігі, мәдениет саласының өкілдері және қоғамдық көлік мекемелері атсалысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта өзге бағыттағы автобустарды да қамтып, кеңейтілетін болады.