Атырауда жоғалған отбасы: Марқұм ер адамның атынан "туыстар" чатына біреу жазып отырған

Бүгін, 09:57 / Arasha.kz
smartnews.kz коллажы

Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты тағы бір күмәнді дерек белгілі болды. Марқұм ерлі-зайыптының туыстары қаза тапқан адамдардың атынан отбасылық чаттарға хабарламалар жіберіліп отырғанын айтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған әңгімесінің аудиожазбасын жариялаған. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар қайтыс болды деген болжамды уақыттан кейін де туыстар чатына аудиохабарламалар келіп отырған.

"Ағайын-туысқандарының топтары бар ғой. Сол жерде аудиохабарламалар жібереді ғой. Сондай жазбаның біреуін өздерінің чаттарына 7 қарашада жіберген. Күдік тудырмас үшін. Басқа біреу болғанда, білмеймін енді кім жібергенін. Қалай болғанда да, біреу жіберіп тұр. Қазіргі таңда сотканың бәрі Сұлтанда болды деп тұр ғой. Сол Сұлтан жіберіп тұрған шығар деп отырмыз ғой, басқа кім жібереді енді", – деді Шалқар Мұқанғалиев.

Марқұмның інісі аталған аудиожазбаның мазмұны да бұрынғы әдетке ұқсас болғанын атап өтті. Оның сөзінше, хабарламада "Қалайсыздар? Жақсысыздар ма? Бүгін жұма ғой, аман болыңдар" деген сияқты сөздер айтылған.

"7 қараша жұмаға сәйкес келіп тұр ғой. "Қалайсыздар? Жақсысыздар ма? Бүгін – жұма. Ауырмаңдар, аман болыңдар» деген сияқты. Бірақ сол хабарламаны жіберіп тұр. (...) Бұрын өзі солай ағайындарының қал жағдайын сұрап тұрған екен. Сол жұма күніне сәйкес келіп тұратын жазба болып тұр ғой. Ойламасын, іздемесін ағайындары, бар, әлі жүр деген сияқты сенімде ұстап тұр ғой бізді. Наурыз болып бір жібереді, анасы болып бір жібереді", – деді марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы