"Ақбаян Сұлтанның қасында... Есін білмейді": Атырауда жоғалған отбасының туыстары ел естімеген жайтты айтты

Бүгін, 11:57 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған сан түрлі деректердің анығын білу мақсатында Massaget.kz тілшілері оқиға орнына арнайы барып, жағдаймен танысты

Белгілі болғандай, 25 желтоқсанда Атырау облыстық полициясына қала тұрғыны арыз түсіріп, ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткенін хабарлаған. Ал 6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптының мәйіттері ауылдағы сарайдан табылды.

Қазіргі таңда марқұмдардың балалары – Мейрамгүл мен Наурыз әлі табылған жоқ. Туыстары олардың аман-есен оралуынан үміт үзбей отыр. Жоғалған отбасының жақыны Ләззат Кенжеғалиева бұл жағдайдың отбасы үшін аса ауыр екенін айтып, ауылда іздеу жұмыстары әлі де жалғасуы мүмкін екенін жеткізді.

Сондай-ақ туыстары отбасының тағы бір қызы – Ақбаян туралы да мәлімет берді. Олардың айтуынша, Ақбаян Ақтөбеде заңгер мамандығы бойынша білім алған, кейін тұрмысқа шығып, бес бала тәрбиелеген. Бесінші баладан кейін оның денсаулығы күрт нашарлағаны айтылды. 

"Бесінші балада қызымыз ауру болған. "Есін білмейді" дейді. Жеңгем де айтып жүрді. "Ақбаян соның (күдікті күйеу баланың – еск.) қасында" дейді. Екеуі де хабарсыз", – деді марқұмдардың туысы.

Қазір марқұмдар тұрған үй мен сарайдың есіктері мөрленіп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін полиция ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланғанын хабарлаған. Күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев. Оны іздестіру ісі 8 қаңтарда ресми түрде тіркелген.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы