Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты тергеу барысында жантүршігерлік деректер белгілі болды, деп хабарлайды Massaget.kz.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін басылым тілшілері бүтін бір отбасы жұмбақ жағдайда жоғалған Жангелдин ауылына арнайы барған. Белгілі болғандай, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан арыз түсіп, оның ағасы мен отбасы бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткені айтылған. Ал 6 қаңтарда жоғалған ерлі-зайыптының мәйіттері сарай ішінен табылған.
Марқұмдардың жақындары іздеу жұмыстары қалай жүргізілгенін баяндады. Туысы Фаризат Кенжеғалиеваның айтуынша, сарай ішінде күдік тудырған жайттар болған.
"Сарайдың ішінде екі адамға арналған диван тұрған. Оның астына киіз төселген екен. Біраз уақытқа дейін иіс шықпаған. Ауыл болып, ел болып іздедік. Сарай ішінде қан шашыраған іздер болған, бірақ бәрін сүртіп кеткен. Көзге бірден байқалмайды. Алашалардың бәрін төсеп тастаған", – деді ол.
Бұған дейін Жангелдин ауылында қаза тапқан ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланғаны хабарланған. Күдікті – Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев. Оны іздестіру ісі 8 қаңтарда ресми түрде тіркелген.