2026 жылғы 13 қаңтарда өткен Үкіметтегі баспасөз мәслихатында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Қазақстанда тұрғын үй бағасын тежеудің ықтимал жолдары туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Вице-министрдің айтуынша, министрлік қазіргі таңда тек жалдамалы тұрғын үйдің бағасын ғана реттейді. Ал нарықтағы тұрғын үй бағасы сұраныс пен ұсынысқа тікелей байланысты қалыптасады.
«Біз тұрғын үй бағасын тұрақтандыруға арналған жекелеген тетіктерді қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта Құрылыс істері комитетімен бірлесіп, пәтер бағасын тікелей үй құрылысы комбинаттары арқылы бекіту мүмкіндігін пысықтаудамыз. Мұндай комбинаттар еліміздің барлық дерлік өңірінде бар. Егер белгілі бір көлемдегі тұрғын үйге алдын ала келісімшарттар жасалса (офтейк-келісімшарттар деп аталады), бағаны 2–3 жылға дейін бекітуге болады. Бұл – әзірге біздің ұсынысымыз», – деді Қуандық Қажкенов.
Оның айтуынша, комбинат алдағы 2–3 жылға жұмыс көлемі барын білген жағдайда, тұрғын үй бағасын ірілендірілген сметалық нормаларды ескере отырып бекіте алады.
«Осы шеңберде олар өңірлерде түрлі нысандарды іске асыра алады. Мұндай жоспарларымыз бар, қазір қатар пысықтап жатырмыз. Қосымша ақпаратты алдағы уақытта береміз», – деп сендірді вице-министр.
Айта кетейік, Қазақстандағы бастапқы тұрғын үй нарығы 2026 жылды жоғары қарқынмен қарсы алды. Жаңа салынған үйлердегі бір шаршы метрдің бағасы өсуін жалғастырып отыр, ал жекелеген өңірлерде бағаның қалыптан тыс күрт қымбаттауы тіркелген.