Ресейлік комментатор қазақстандық жас хоккейшілерді дөрекі түрде балағаттады

Бүгін, 15:35 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Омбы қаласынан шыққан ресейлік комментатор Максим Гречанин қазақстандық «Астана» балалар хоккей командасының ойыншыларын дөрекі сөздермен қорлаған. Кейін ол бұл әрекеті үшін кешірім сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Шайба.kz-ке сілтеме жасап.

Спорттық басылымның мәліметінше, Омбыда өткен балалар хоккей турнирі кезінде жанжал шыққан. Жергілікті комментатор Максим Гречанин «Астана» командасының ойыншыларын эфирде өрескел түрде кемсіткен. Комментатордың сөздері тікелей трансляцияға жазылып қалған.

Аталған оқиғадан кейін комментатордың өзі, турнир ұйымдастырушылары және Ресейдің хоккей федерациясы ресми түрде кешірім сұрағаны атап өтіледі.

Комментатордың кешірім сөзінде былай делінген:

«Менің тарапымнан айтылған және “Астана” – “Сібірь” матчына дейін эфирге шығып кеткен сөздер мүлде айтылмауы тиіс еді. Бұл “Астана” хоккей клубына да, кез келген басқа командаға да қатысты болмауы керек болатын. Бұл — менің өрескел әрі этикаға сай келмейтін әрекетім. Сондай-ақ бұл екі ел халқының арасында ұлтаралық араздық тудыруға бағытталған әрекет болған жоқ.

Бұл қылығым мені де, мен өкілдік ететін мамандықты да жақсы жағынан көрсетпейді. Спорттық комментатор матчты өз жұмысы мен эмоциясы арқылы қызықты әрі тартымды етуі керек. Ал ойыннан кейін көрерменде жағымды әсер қалуы тиіс, көңілде қаяу емес», — деді ол.

Тэгтер:

хоккей балағат коментаттор