Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай YouTube желісіндегі "Алаш Орда" арнасына берген сұхбатында Атырау облысында қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаға қатысты тың деректерді жария етті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тележурналистің айтуынша, бастапқыда төрт адам жоғалды деген ақпарат берілгенімен, кейін бұл сан алты адамға жеткені анықталған. Бұл жайттың өзі оны қатты таңғалдырған.
"Бір күннен кейін Әсилә апай маған: "Гүлмира, сіз төрт адам жоғалды деп жазыпсыз. Рахмет. Бірақ төрт адам ғана емес, алты адам жоғалды ғой", – деп айтты. "Тағы кім жоғалды?" деп сұрағанымда, отбасының кенже қызы Ақбаян мен күйеуі Сұлтанның да жоғалып кеткенін айтты. "Құдай-ау, мұны неге әу баста айтпадыңыздар? Олар қашан жоғалды?" десем, "Олар да сол қараша айында жоғалып кетті" дейді. "Олар да адам ғой, неге іздемейсіздер?" деп қамықтым.
Өкінішке қарай, кеше іздеу жарияланғанға дейін оларға өз туыстарына іздеу салмаған. Бір шаңырақтан жалғыз ұлымен бірге келіні жоғалып жатыр. Бір күн емес, он күн емес, екі айдан аса уақыт өткен. Артында бес баласы қалып отыр. Ана дегеніміз орталыққа жүгіріп барып, жылап, дабыл қағатын кез емес пе?
Осы кезде полициядан ресми түрде төрт адамның жоғалғанын білдік. Әу баста менде "Оларды құлдыққа алып кетті ме екен?" деген ой болды. Негізі Қазақстанда заң бойынша құлдық деген ұғым жоқ. Бізде құлдық болмайды. Бірақ бірден төрт адамның жоғалып кетуі мүмкін емес қой. Сол кезде "Төрт адамды бірдей қайда алып кетуі мүмкін?" деген сұрақ ойыма сап ете қалды", – дейді ол.