Мұсылман жұрты асыға күтетін қасиетті Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Он екі айдың сұлтанына рухани әрі тұрмыстық тұрғыда дайындық жасау – әрбір мүмін үшін маңызды. Төменде Рамазанға дейін атқарған жөн болатын негізгі 10 амал ұсынылады, деп жазады Arasha.kz.
1. Рамазан туралы білімді арттыру
Рамазан айының мәні мен ерекшеліктерін терең түсіну – құлшылықты дұрыс орындауға жол ашады. "Оразаны не бұзады?", "Қандай жағдайда ораза ұстамауға болады?" деген сұрақтарға алдын ала жауап іздеу пайдалы.
2. Рамазанға нақты жоспар құру
Күн тәртібін белгілеп, құлшылық, Құран оқу, ауызашар беру, жаман әдеттен арылу секілді мақсаттарды жазып қойған абзал. Айқын мақсат – тұрақты амалдың кепілі.
3. Құран оқуға арнайы жоспар жасау
Рамазан – Құран айы. Кемінде бір рет хатым ету үшін күн сайын белгілі бір мөлшерде Құран оқуды әдетке айналдыру керек. Қазірден бастап оқу – Рамазанда жеңілдік береді.
4. Сүре жаттауды бастау
Тарауық намазында жаңа сүрелер оқу үшін Рамазанға дейін сүре жаттаған жөн. Бұл намаздың да, рухани халдің де көркем болуына сеп.
5. Нәпіл ораза ұстап үйрену
Ағзаны бірден ұзақ аштыққа салмау үшін Шағбан айында нәпіл ораза ұстап, денені әрі рухты дайындау пайдалы. Бұл – Пайғамбар ﷺ сүннеті.
6. Ас мәзірін алдын ала жоспарлау
Рамазан кезінде ауыр, майлы тағамдардан бас тартып, жеңіл әрі сіңімді асқа көшу қажет. Алдын ала азық-түлік алып, жартылай дайын тағам жасап қою уақытты үнемдейді.
7. Дұғаны көбейту
Алла Тағаладан "Рамазанға аман-есен жеткіз" деп жиі тілеу – жүректі дайындаудың бір жолы. Дұға – мүміннің қаруы.
8. Қаза болған оразаларды өтеу
Алдыңғы жылдардан қалған қаза оразалар болса, Рамазанға дейін өтеу – үлкен жауапкершілік. Бұл жаңа Рамазанды таза ниетпен қарсы алуға көмектеседі.
9. Алаңдататын шаруаларды алдын ала аяқтау
Жұмыс, көшу, ем-дом, сауда, оқу секілді істерді Рамазанға дейін реттеп алу құлшылыққа көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
10. Тазалыққа көңіл бөлу
Үйді, киімді ретке келтіріп, толық тазалық жасау – Рамазанға рухани дайындықтың бір бөлігі. Тазалық – иманның жартысы.
Қасиетті айды таза көңілмен, салауатты тәнмен қарсы алып, мол сауапқа кенелейік. Алла Тағала баршамыздың ниетімізді қабыл етсін! Әмин!
Ақпарат көзі: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми сайты.