Қаржылық мониторинг агенттігі қазақстандықтардан миллионнан астам жазылушысы бар блогер Қайсар Қамзаны іздеуге көмектесуді сұрайды. Сот оны сырттай қамауға алуға санкция берген. Ол заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Соңғы бес жыл бойы Қамза танымал блогер ретінде белгілі болды. Instagram желісінде qais_arr лақап атымен оның 2,4 млн жазылушысы бар. Сондай-ақ ол «Қора энтертейнмэнт» атты жабық Telegram-арнаны (368 мың жазылушы) басқарған.
«Ол өз әлеуметтік желілері арқылы Pinco онлайн-казиносын тұрақты түрде жарнамалап отырған. Бейнежазбалар мен жазбаларда ойынға шақыратын сілтемелер, үндеулер және бонустары бар жеке промокод көрсетілген. Жарнама Қазақстан азаматтарына бағытталған. Осылайша блогер адамдарды құмар ойындарға тартып, платформа тарапынан бонус пен пайыз түрінде табыс тапқан», – деп мәлімдеді ҚМА.
Қаржылық мониторинг агенттігінің нұсқасына сәйкес, блогер қаражатты жасыру үшін криптовалюта әмиянын пайдаланған. Оған интернет-казинодан төлемдер түсіп отырған.
Сот 182 736 доллар көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салды.