Атырау облысындағы қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстық іске байланысты күдікті ретінде аталған Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі алғаш рет осы мәселеге қатысты пікір білдірді. "Qazaq Airan" тілшісі Айдана Мейрамбайқызы Жангелдин ауылына арнайы барып, күдіктінің әкесімен сұхбаттасты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Сұхбат барысында журналист Сұлтан Сәрсемәлиевтің әпкесіне қатысты тараған ақпаратты нақтылауға тырысты.
"Аға, сіздің қызыңыз, яғни Сұлтанның әпкесі Сирияға барып келген дейді. Не себеппен барды?" – деген журналистің сауалына Самиғолла Сәрсемәліұлы:
"Оны күйеуі алдап алып кеткен дейді. Бала-шағасымен бірге алып кеткен. Қыдырамыз деген... Түркия арқылы кеткен сияқты. Сосын арғы жақта құжаттарын жоқ қып жіберген. Күйеу баламыз сол жақта қайтыс болған дейді. Қазір ол туралы әңгіме қозғамаймыз", – деп жауап берді.
Бұған дейін Самиғолла Сәрсемәліұлы әлеуметтік желі мен ақпарат кеңістігінде ұлына қатысты айтылып жатқан пікірлерге наразылығын білдірді. Оның айтуынша, қоғамда Сұлтанды кінәлаған түрлі әңгіме көбейіп кеткен.