Қазақ әдебиетінде жаңалық жасаған «Дардай» романы!

Бүгін, 10:07 / Arasha.kz

«Қазақ кітабы және нарық» деген аса зор проблема 30 жылдан бері шешілмей келеді. Жұрттың бәрі де қаламгерлердің билік тендермен шығаратын 1-2 мың тиражбен шығатын кітабын місе тұтып, ол қолында барлардан атан-түйедей сұрап алатын күйге ұшырады.

Міне, осыны ескермей, былайғы жұрт «қазақ кітап оқымауға айналды» деп қара аспанды төндіретін күйге жеттік. «Ұра берсең Құдайда өледі» демекші, қазақ жұртының санасына осы пікір әбден сіңіп те кетті. Қазақ кітап оқымайды емес, нарықтағы жағдай оқытпайды деген жөн сөзді ұғатын жан табылмайтын болды.

Осы догманың сеңін белгілі ақын, әрі қарымды да, алымды жазушы Ақберен Елгезек «Дардай» романымен бұзды.

Бұған дейін Ақберен бауырымыз прозада өзінің бағын сынап, «Болмаған балалық шақ» романымен әдеби төңкеріс жасағанын да осы орайда айта кетпекпіз. Артынша,бір жылда үш бірдей театрда спектакль қойылып, әлі күнге жұрт жапырылып баратын аншлаг қойылым боп келеді. 2025 жылдың көктемінде шығармамен аттас кинотуынды да үлкен экрандарға шығып, 1,5 ай айналымнан түспей, табыстыкиноөнімге айналды.

«Болмаған балалық шақ» тырнақалды туындысымен прозадағы бағын сынаған Ақберен Елгезек енді қазақ оқырманына «Дардай» романын ұсынып отыр. Атақты колумбиялық Маркестің «мені баспагерлер аш қалдырмайды» деген  сөзін, Ақберен «Мені, ұлт қаламгері ретінде заманалық АІ мен ІТ аш қалдырмайды» деп мәдени ұран тастады. Неге біз мәдени ұран тастады деп отырмыз!?

Иә, қай газетті ашып қалма, қай сайтты басып қалма  кітабын оқырманға жеткізе алмай зарлаған қаламгерлер қауымынан аяқ алып жүре алмайсың. Тіпті АІ мен ІТ-ді атша ерттеп мінуге тиіс жастарға да осы ауру, осы зарлауықтық дерті жұғыпты. «Кеңестік кезеңде 100 мыңды еңсеруші едік, қазір 1-2 мыңдық тендерге телміріп қалдық», дейтін ақсақал жазушылар бұны айтса құба құп дер едің? Осыған дейінгі бастықтар мен бизнесмендердің табалдырығын тоздырып, «кітабымды шығарып бер» дейтін тіленкештік адам жиренетін жаман әдеттен арылуға жасалған алғашқы қадамды ұшыратқанда шынын айту керек қуандық.

«Дардай» романы өлі қазақ кітап нарығының бойына қан жүгіртті. Қазақ кітап нарығы деген қураған терекке жан бітірді. Және ең бастысы жалпыалаштық «тұтынушылық» нарығында кітапқа деген сұраныстың бар екенін тамыршыдай тап баса білді. Өзге әріптестері аңғармаған дүниені бірінші болып байқады.

Қазақтың табиғаты қашанда ешкім қолмен ұстап көрмеген, бірақ аты мен атағын сырттай білетін нәрсенің өзінде болуын қалаушылықтан тұрады. Бұны бизнес тілімен «тұтынушылық қасиет» деп атайды. Иә, нарық қазақ өміріне кіргелі ұлтымыз тек брендке айналған дүниелерді ғана тұтынып, қалғандарын менсінбейтін болды. Кітапты да тап сондай қылып, өзінің ойлы оқырманына әзірге тек Ақберен Елгезек қана ұсына алды. 

Жазушылар арасында да: «Бәріміз де кітап шығарып көріп едік, бірақ онлайн сатуға қойғанды бірінші рет көрдіктің» дәуірі туды. Оны туғызған Ақберен Елгезектің «жазып шығу маған – серт, онлайн сатылсаң саған – серт» деген алапат туындыгерлік тірлігі.

Телеграм платформасында Ақберен Елгезек жасақтаған онлайн кітап дүкені әлеуметтік желіде бірнеше күннен бері едәуір талқыға түсті. Жалпы жұрт авторға құтты болсын айтып, романға сәттілік тілеп жатты. Ал осы күндері халық құр құттықтаумен шектелді ме, сатылымның жағдайы қалай деген сұрақтар мазалаған соң, Ақберен Елгезектің өзіне хабарласқан едік.

Жаңа романды оқырманға таныстыру мақсатында арнайы жабық Telegram арнасы ашылған. Бұл платформада:

               •             «Дардай» романының электронды нұсқасы (шектеулі мерзімге);

               •             «Болмаған балалық шақ» фильмінің жоғары сападағы нұсқасы және аттас кітаптың электронды түрі;

               •             Ақберен Елгезектің екі поэзиялық жинағы сыйлық ретінде ұсынылады;

               •             Әр оқырманға кітаптар автордың жеке қолтаңбасымен жеткізіледі.

Жаңа романмен танысып, автордың өзге де еңбектерін алу үшін төмендегі сілтеме арқылы Telegram-ботқа өтуге болады:https://t.me/yelgezek_bot

Енді әдебиет әлеміне «аспаннан найзағай түсірген» туындының өзіне қысқаша тоқтала кетейік:

Шығарманың негізгі идеясы авторға шамамен екі жыл бұрын таңғы мезгілде «аян» түрінде келген. Сол сәтте қағазға түскен алғашқы қырық бет кейіннен кеңейтіліп, роман биыл күзде толық тәмамдалған. Енді араға сәл-пәл уақыт тауып, оқырманның көз айымына айналғалы отырған жайы бар. Бұрын біз тек балаларға арналған фэнтезиді қанағат тұтсақ енді Джордж Оруэллдің «1984», «Мал қора» және Франц Кафканың «Құбылу» шығармаларымен үндес, фэнтези тілінде жазылған қазақы нұсқаны оқуға қол жеткізіп отырмыз.

Романда магиялық реализм тарихпен, саясат сопылық іліммен, қарапайым өмір метафизикамен, халықтың жан жарасы үмітпен тұтасып кеткен. Басты кейіпкер Бекет – Совет заманының атеист қоғамында өсіп-жетілген қарапайым құрылысшы. Бекет – Семей полигонының құрбандарының ұрпағы, радиациямен және ғасыр өтірігімен уланған кішкентай адам. Ол бір күні Алатаудың етегіндегі үйінде 81 метрлік алып болып оянады. Өзі де, айналасы да бұл өзгерісті қабылдай алмайды. Бекет те өз ішінде екіге бөлініп, қоғам қаққа жарылады. Адамзат мұндай құбыжықты қабылдауға дайын емес. Бірақ Бекет ғаламат күшін қиратуға емес, өзін өзі тануға, халқына қорған болуға жұмсауға бекінеді...

Семей полигонының құрбандарына бағышталған, авторға аян боп түскен рухани-мистикалық романда қазақи дүниетанымызға тән ақ күштер мен қара зұлымдардың соғысы суреттеліп, адам мен нәпсінің күресі төңірегінде әңгіме өрбіп, адамның ашкөздігі мен әділетсіздіктен шаршаған ұлттың бейнесі шұрайлы тілмен ширатыла сомдалады. Осылайша, Ақберен ұйқыдағы қазақ оқырмандарын дүр сілкінтіп оятып, өзінің шығармашылықтағы жаңалығын тарту ете білді.

«Дардай» —бүгінгі қоғамның өзекті тақырыптарын терең қамтыған, саясат, дін, және тарих бір-бірімен астасқан көркемдік тұрғыдан күрделі шығарма ретінде өз бағалауын патша пейіл оқырмандарынан алатын болады. Жаңашылдығы мен тылсымдығы астасқан жаңа туындыны қабыл алайық, Алаш жұрты!

Қазақ әдебиетінде тың бағыт ашатын, мистикалық-фэнтези жанрындағы бұл шығарма оқырман үшін елеулі жаңалық болары сөзсіз.