«КТК бір ғана айлақ арқылы жұмыс істеп тұр» — министрлік

Бүгін, 10:39 / Arasha.kz
Фото: ашық дереккөзден алынды

Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КТК) арқылы қазақстандық мұнай экспорты уақытша тоқтатылды деген ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берді.

Ведомствоның мәліметінше, Қара теңіз акваториясындағы қолайсыз ауа райына қарамастан, Қазақстан мұнайды КТК жүйесі арқылы экспорттауды жалғастырып отыр. Қазіргі таңда жүктеу жұмыстары жұмыс істеп тұрған жалғыз выносной причалдық құрылғы — ВПУ-1 арқылы жүзеге асырылуда.

«Технологиялық процесс штаттық режимде жүріп жатыр (дауылды ауа райына байланысты белгілі бір түзетулер енгізілген). Негізгі басымдық — жеткізілімдердің тұрақтылығын сақтау және мұнай қоймаларының толып кетуіне жол бермеу», — деп атап өтті министрлік.

Энергетика министрлігінің ресми өкілі Асель Серікпаеваның айтуынша, ведомство халықаралық серіктестермен және КТК операторы­мен тұрақты байланыста. Бұл кез келген өзгеріске жедел әрекет етіп, қажет болған жағдайда маршруттарды қайта қарауға мүмкіндік береді.

Желтоқсан айында мұнайды теңіз арқылы тиеу жұмыстары расында уақытша тоқтатылған. Бұған Қара теңіздегі қатты дауыл және украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы себеп болған. Сол шабуыл салдарынан ВПУ-3 істен шықты. Сонымен қатар тағы бір причал жоспарлы жөндеуге жабылған.

Осы жағдайларда мұнай өндіруді толық тоқтатпау үшін шикізаттың бір бөлігі балама бағыттарға жөнелтілді. Атап айтқанда, Атырау — Самара бағыты бойынша айдау көлемі ұлғайтылып, Қытай нарығына жеткізілім артты. Ал өзге бағыттарда экспорт көлемі жоспарланған деңгейде сақталды.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі 2026 жылдың қаңтарында КТК арқылы мұнай экспорты күрт қысқарып, тәулігіне 800–900 мың баррельге дейін төмендегенін хабарлаған. Бұл желтоқсан айында күтілген көрсеткіштен шамамен 45 пайызға аз.

Басылым дерегінше, трейдерлер жоспарланған 45 жөнелтудің 21-ін кейінге қалдырған. Соның салдарынан мұнай қоймалары толып, кейбір мұнай құбырлары уақытша шикізат қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған.

Тэгтер:

мұнай министрлік ктк каспийқұбыры шаубыл