Армениядағы Ресей елшісі Сергей Копыркин ресейлік мемлекеттік телеарна эфирінде тележүргізуші Владимир Соловьёвтің айтқан мәлімдемелеріне байланысты Армения Республикасының Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Бұл туралы Армения СІМ-нің баспасөз хатшысы Ани Бадалян мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Оған мемлекеттік телеарна бағдарламасының эфирінде жасалған мәлімдемелерге қатысты қатаң наразылық білдіретін нота тапсырылды», – деді Бадалян.
Осы жағдай аясында қазақстандық әлеуметтік желі сегментінде де қатаң пікірлер айтылуда. Кейбір қолданушылар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ парламент депутаттары мен сенаторлары тарапынан Соловьёвтің арандатушылық мәлімдемелеріне қатысты ашық реакцияның болмауына назар аударып отыр. Жекелеген пікір білдірушілер мұндай енжарлықты Ресейдің Қазақстанда өз тәртібін орнатуға «құқығы бар» деген идеяларды үнсіз қолдау ретінде қабылдауға болатынын айтуда.