Ресейдің жолын қайталаймыз ба? Қазақстанда Roblox ойынын тексеру ұсынылды

Бүгін, 14:12 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Унзила Шапақ Қазақстанда жүздеген мың бала мен жасөспірім қолданатын Roblox ойын платформасына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, парламентке бұл ойынның балалардың психикалық дамуына «ықтимал теріс әсері» туралы көптеген өтініш түсіп жатыр. Айтуларынша, Roblox балаларда ойынға тәуелділікті қалыптастырады, агрессияны арттырады, нақты өмірге деген қызығушылықты төмендетеді.

«Сонымен қатар Roblox сияқты ашық онлайн-платформаларда алаяқтар мен педофилдер көп. Олардың тактикасы қарапайым: алдымен ойын ішіндегі виртуалды чат арқылы баланың сеніміне кіреді, кейін әңгімені Roblox-тан Telegram-ға көшіріп, жасырын кездесулерге шақырады. Мұндай жағдайлар қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді ол өз ұстанымын.

Платформаның өзі қауіпсіз орта ұсынамыз деп мәлімдейді. Алайда депутаттар ондаған миллион қолданушысы бар платформаны толық бақылау мүмкін емес екенін алға тартып отыр. Шапақ Roblox-қа қатысты «шаралар енгізілген» елдерді мысалға келтірді.

Мәселен, Ресейде Roblox-қа қолжетімділік шектелген. Ресейлік контексті егжей-тегжейлі талдамай-ақ қояйық.

Ал бұған дейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Қазақстанда Roblox-ты бұғаттау немесе шектеу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ екенін мәлімдеген болатын.

Дегенмен Шапақ бұл тақырып балалардың қауіпсіздігі мен ата-аналардың сеніміне тікелей қатысты екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан ашық әрі нақты ұстаным қажет екенін айтты.

Қазақстанда, байқағандай, балалардың психикасына алаңдаушылық жоғары. Мысалы, «ЛГБТ насихатын» балаларға зиян келмесін деген уәжбен тыйым салды.

Сондай-ақ балалар психикасын сақтау мақсатында медиадағы бейәдеп сөздерді де шектеу ұсынылған еді.
 

Тэгтер:

балалар ойын Roblox