Ирандағы наразылық кезінде 2 мыңдай адам қаза тапқан

Бүгін, 16:31 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ирандағы наразылық барысында қаза тапқандар саны шамамен 2 мың адамға жеткен. Бұл туралы сейсенбі күні ирандық ресми өкіл мәлімдеген. Қаза болғандардың қатарында бейбіт тұрғындар да, күштік құрылым қызметкерлері де бар, деп хабарлайды Arasha.kz.

BBC-де АҚШ-та орналасқан ирандық HRANA құқық қорғау ұйымы да осыған ұқсас дерек келтіретінін жазды. Ұйымның мәліметінше, 28 желтоқсаннан бері 1 847 наразылыққа қатысушы мен 135 әскери қаза тапқан. Алайда BBC бұл ақпаратты әзірге тәуелсіз түрде тексере алмайтынын атап өтті. Себебі шетелдік БАҚ-қа, оның ішінде BBC-ге Иранда жұмыс істеуге тыйым салынған немесе қатаң шектеулер қойылған. Сонымен қатар елде интернет толықтай өшірілген.

Құқық қорғау ұйымдарының хабарлауынша, күштік құрылым өкілдері наразылық білдірушілерге қарсы оқ-дәрі қолданған, мыңдаған адам тұтқындалған.

Иранның мемлекеттік БАҚ-тары дүйсенбі күні елдегі жағдай тұрақталғанын мәлімдеген. Алайда BBC бірнеше өңірде наразылықтардың жалғасқанын көрсететін бейнежазбаларды алғанын хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамп ирандықтарды наразылықты жалғастыруға шақырып, «көмек жолда» екенін айтқанымен, оның нақты қандай көмек екенін нақтыламады.

Ирандағы наразылықтар 28 желтоқсанда бағаның күрт өсуіне қарсы басталып, кейін 1979 жылғы Ислам революциясынан бері билікте отырған діни басқарушыларға қарсы бағытталған наразылыққа ұласты.

Иран билігі тәртіпсіздіктерді қоздырды деп АҚШ пен Израильді айыптап, егер президент Дональд Трамп наразылық білдірушілерді қорғау үшін араласу жөніндегі айтқан қоқан-лоққысын жүзеге асырса, АҚШ-тың әскери базаларына соққы беретінін ескертті. Трамп бұған дейін де наразылық білдірушілерге қарсы күш қолданылған жағдайда араласатынын бірнеше рет мәлімдеген.
 

Тэгтер:

наразылық Иран адам өлімі