Атыраудағы емхана мейірбикелері скрининг деректерін өздері қолдан жасап жатыр ма?

Бүгін, 17:20 / Қайсар Қалам
Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Атырауда №4 емхананың мейірбикелері әлеуметтік желілерде жоспарлы скринингтен бас тартқан науқастардың орнына гинекологиялық жағынды тапсыруға мәжбүрлеп жатқанын айтып шағымданды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қызметкерлердің айтуынша, жоспарды орындап, есеп беру үшін бір ғана жағынды бірнеше адамға бірдей рәсімделеді, деп жазды Halyqstan телеграм арнасы.

Жарияланымдарда емхана ұжымына қысым көрсетілетіні және басшылықта тамыр-таныстықтың бар екені де айтылған. Авторлардың мәлімдеуінше, негізгі лауазымдарды «өз адамдары» иеленген, ал келіспегендерге үнсіз қалу талап етіледі. Осы себепті үндеу авторларының аты-жөні көрсетілмеген.

Медицина қызметкерлерінің сөзінше, шағым жарияланғаннан кейін емханада күмән тудыратын жағдай болған: барлық компьютер бір мезетте істен шығып, скринингке қатысты электронды деректер қолжетімсіз болып қалған.

Әлеуметтік желідегі үндеу тәулікке жетпей жарияланғанына қарамастан, Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы, шамасы, тексеріс жүргізіп үлгерген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы скрининг деректерін қолдан жасау фактілері расталмағанын мәлімдеді.
Алайда ресми жауапта компьютер техникасының істен шығу себептері мен электронды мәліметтердің жоғалуына қатысты жайттар жеке түсіндірілмеген.

Кадр мәселесіне қатысты ведомство бас дәрігердің орынбасарлары бұрынғы басшылық тарапынан тағайындалғанын және кәсіби тәжірибелеріне байланысты өз қызметтерінде қалдырылғанын хабарлады.

Тэгтер:

атырау Емхана скрининг