"Өртті қымызбен сөндірмек болған": Кентаудағы қымызханада қаза тапқан жігіттің туыстары жан айқайын жеткізді

Бүгін, 18:39 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Түркістан облысының Кентау қаласында қымызханада болған газ жарылысы салдарынан ауыр күйік алған Бақдәулет Мұса 8 күн жансақтауда жатып көз жұмды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жақындарының айтуынша, дәмханада өрт сөндіру құралдары болмаған, ал отқа оранған жігіттің денесін қымыз құйып өшірмек болған. Қайғылы оқиға 1 қаңтарда болған. Сол жарылыста оқиға орнында Дана Сағынғалиқызы қаза тапқан. Екеуі көктемде шаңырақ көтеруді жоспарлаған екен.

"Бір жетідей уақыт өтті. Бізге бала жақсы болып қалды деп айтқан соң, оларға сеніп, алаңсыз болдық. Үміт күтіп, беті бері қарады деп қуанып отырған едік. Содан 9 қаңтар күні түнде сағат 11:00-де қаралы хабар келді. Алға қойған мақсаты көп еді. Армандарына жете алмай кетті балам. Жүретін қызымен осы көктем шықса үйленіп бас қосамыз деп еді. Бәрі жақсы болады деп, уайымдамаңыз деп кеткен балам еді. Енді отырысымыз мынау", – дейді марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметова.

Марқұмның әжесі Қалдыкүл Ахметова немересінің жағдайы жақсарып келеді деген үміт болғанын, бірақ 9 қаңтар түні қаралы хабар жеткенін айтты. Бақдәулет – алты баланың төртіншісі, Шымкенттегі ЖОО-да дене шынықтыру мамандығы бойынша оқыған, дәмханаға аспаз болып 1 ай бұрын ғана кірген.

Туысы Мәди Ахметов мекемеде техникалық қауіпсіздік сақталмағанын, өрт сөндіргіштердің жоқтығын айтып, құзырлы органдардың жауапкершілігін талап етті.

Ресми дерекке сай, қаза тапқандар саны – екі адам, тағы үш адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті хабарлауынша, көпқабатты үйдің 1-қабатындағы қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасы жарылып, өрт шыққан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

"Түркістан облысының Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан қоғамдық тамақтану орнында газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Құтқарушылар келгенге дейін ашық жалын байқалып, кейін өрт шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелерінің күшімен жалын жедел түрде сөндірілді. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары жүріп жатыр", – делінген Төтенше жағдайлар департаментінің хабарламасында.

Тэгтер:

Түркістан облысы Кентау қымызхана Бақдәулет Мұса