Қазақстанда саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді тіркеу рәсімін жеңілдету сұралды

Бүгін, 13:42 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Қазақстанда саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді тіркеу рәсімін жеңілдетуді белсенділер сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жария түрде үндеу жасады, деп хабарлайды  Arasha.kz. 

Олардың айтуынша, қазіргі таңда бұл салада еңсерілмейтін әкімшілік кедергі қалыптасқан. 

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабына сәйкес, азаматтардың бірлесу бостандығына құқығы бар. Алайда іс жүзінде бұл құқыққа қол жеткізу мүмкін болмай отыр. Тіркеу рәсімі құқықтық бақылау тетігі емес, еңсерілмейтін әкімшілік тосқауылға айналды. Партиялар мен бірлестіктерді тіркеуден негізсіз бас тарту сенімсіздікті күшейтіп, протестік мобилизация қаупін арттырады», – делінген YNTYMAQ бастамашыл тобының өкілі Мейрам Қажыкеннің жария үндеуінде.

Аталған бастамашыл топ өз үндеуінде республикалық саяси партияны тіркеу үшін екі рет құжат тапсырғанын, алайда нәтиже болмағанын атап өтеді. Сондай-ақ Қажыкеннің айтуынша, республикалық қоғамдық бірлестік құруға да әрекет жасалған. Бірақ бұл бастама да, үндеуде көрсетілгендей, бірнеше рет бас тартуға ұшыраған.

Белсенділер үндеуде саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді тіркеудің қалыптасқан тәжірибесіне назар аударуды; тіркеуші органдардан бас тартуларға объективті талдау жасауды талап етуді; заңнамаға саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді тіркеу рәсімін шынайы түрде жеңілдететін нормалар енгізуді; сондай-ақ партия мүшесі емес азаматтардың мемлекеттің жоғарғы өкілді органына сайлауға қатысу құқығын қарастыруды сұрайды.

«Үніміз тек естіліп қана қоймай, дұрыс түсініледі деп үміттенеміз», – делінген жария үндеуде.