"Балам, бұл қазақтың жемқорларының заттары ма?" – Оларды сатқалы жатыр (ФОТО)

Бүгін, 16:07 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде қазақстандық қолданушылар арасында қызу талқыланып жатқан жазбада мемлекет тарапынан сатылымға шығарылған қымбат бұйымдар көрсетілді. Автордың айтуынша, бұл заттар кезінде қылмыстық істер аясында тәркіленіп, кейін мемлекет меншігіне өткен активтер қатарында, деп хабарлайды Arasha.kz.

Жарияланған мәліметке сәйкес, сатылымға қойылған дүниелердің арасында 150 миллион теңгеге бағаланған қолсағат, 110 миллион теңгелік зергерлік сырға, 38 миллион теңге тұратын алқа, сондай-ақ 542 мың теңгеге бағаланған самурай қылышы бар. Бұл заттардың басым бөлігі әлемге әйгілі люкс брендтерге тиесілі екені айтылған.

Атап айтқанда, қолсағат Ulysse Nardin Classic 789-80 маркасына жататыны, ал сырға De Beers бренді екені көрсетілген. Сондай-ақ алқа Van Cleef & Arpels зергерлік үйінің өнімі ретінде сипатталған. Ал самурай қылышы кезінде белгілі тұлғалардың бірінің үйінен тәркіленіп, бұған дейін сатылымға шығарылғаны, алайда әлі күнге дейін каталогта тұрғаны жазылған.

Жазбада бұл дүниелердің барлығы істі болған адамдардан тәркіленіп, кейін мемлекетке қайтарылғаны атап өтіледі. Қазір олар арнайы платформа арқылы қайта сатылымға шығарылған. Автордың айтуынша, аталмыш каталогта тек зергерлік бұйымдар мен сағаттар ғана емес, өзге де ірі әрі ұсақ мүліктер бар.

Сонымен қатар жарияланымда 24 миллиард теңгеге бағаланған "Байсат" базарын да сатып алуға мүмкіндік бар екені әзіл-шыны аралас түрде айтылған. Бұл дерек желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырып, қоғамда "бұл заттар кімдердің байлығы болды?", "шынымен де жемқорлардан қайтарылған дүние ме?" деген сауалдардың көбеюіне себеп болды.

Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет заңсыз жолмен алынған активтерді қайтарып, оларды ашық сатылымға шығару тәжірибесін кеңінен қолданып келеді. Алайда мұндай қымбат әрі сән-салтанатты бұйымдардың сатылымға қойылуы қоғам назарын ерекше аударып отыр.

Тэгтер:

мемлекет қолсағат сырға