Атырау облысының полициясы кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаянның Қазақстан аумағынан Өзбекстан арқылы шығып кеткенін растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, Ақбаян қазір ресми түрде із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздестіріліп жатыр. Ал негізгі күдікті саналатын Сұлтан Сәрсемәлиев халықаралық "қызыл деңгейдегі" іздеу тізіміне енгізілген. Бұл мәртебе оның қай мемлекет аумағында жүргеніне қарамастан, шекарадан өтуге әрекет жасаған сәтте, әуе немесе теміржол көлігіне мінгенде, сондай-ақ қоғамдық орында анықталған жағдайда дереу ұсталуы тиіс екенін білдіреді.
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер Қазақстаннан Өзбекстан арқылы шығып, кейін бірнеше шетел мемлекетінің аумағында байқалған.
"Біз олардың қазіргі орналасқан жерінен хабардармыз. Қазір халықаралық құқықтық рәсімдер жүзеге асырылып жатыр. Жақын арада ұсталады деп күтілуде", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары Ақбаянның денсаулығына байланысты белгілі бір мәселелер бар екенін растады. Алайда ол заң жүзінде әрекетке қабілетсіз деп танылмаған әрі бірінші топтағы мүгедектікке қатысты сот шешімі де қабылданбаған.
Айта кетейік, бұл қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып, жұртшылықтың жіті бақылауында қалып отыр.