Қазақстанға аса қауіпті вирус әкелмек болған: Астана әуежайында не табылды

Бүгін, 16:41 / Қайсар Қалам
Сурет: Астана әуежайы

Астана әуежайында зарарланған карантинге жатқызылған өнімді елге кіргізу фактісі анықталды. Бұл туралы 2026 жылғы 15 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі (АШМ) мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Халықаралық әуежайдың фитосанитарлық бақылау бекетінде карантиндік фитосанитарлық бақылау мен қадағалау жүргізу кезінде мемлекеттік инспектор ұлттық заңнама талаптарын бұза отырып, карантинге жатқызылған өнімді әкелу фактісін анықтады. Тексеру барысында Кореядан жеткізілген, ал шыққан елі Үндістан болып табылатын қызанақ тұқымдарының партиясы табылды. Фитосанитарлық іс-шаралардың нәтижесінде бұл өнімнің карантиндік нысан – қызанақ жемістерінің қоңыр қатпарлы вирусымен (Tomato brown rugose fruit virus) зарарланғаны белгілі болды», - делінген министрлік таратқан мәліметте.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл вирустың ауыл шаруашылығы өндірісіне, әсіресе көкөніс өсіру саласына орасан зор зиян келтіретін аса қауіпті карантиндік нысандарға жататынын және елдің фитосанитарлық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретінін баса айтты.

«Карантинге жатқызылған өнім иесіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді». — ҚР АШМ баспасөз қызметі

Министрлік сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан аумағына өнім әкелу кезінде карантиндік фитосанитарлық заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте ескертті.
 

Тэгтер:

карантин әуежай вирус