Оңайтылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлап отырған салық төлеушілер 2026 жылдың 1 наурызына дейін тиісті хабарлама тапсыруы қажет. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Егер мұндай хабарлама 2026 жылғы 1 наурызға дейін ұсынылмаса, салық төлеушілер 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады», – деп нақтылады ҚР ҚМ МКК Арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген.
Комитет өкілдері 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енгенін еске салды. Онда арнайы салық режимінің (АСР) үш түрі қарастырылған:
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;
Оңайтылған декларация негізінде;
Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін.
Хабарламаны қалай тапсыруға болады? Қолданылатын режим туралы өтінімді келесі жолдармен жолдауға болады:
«Салық төлеушінің кабинеті» арқылы;
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасымен;
Мемлекеттік кірістер органдарына барып, қағаз түрінде;
Банктердің мобильді қосымшалары (соның ішінде Kaspi Bank) арқылы.
Сондай-ақ Комитет мамандары 2026 жылдың 1 наурызынан бастап 2025 жылы патентті немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдаланған тұлғаларды салық органдары жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде автоматты түрде есептен шығаратынын атап өтті. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өту «E-Salyq Business» қосымшасында алғашқы чекті берген сәттен бастап жүзеге асырылады.
Шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнайы салық режиміне көшу 2026 жылдың 1 наурызына дейін автоматты түрде орындалады. Бұл санаттағыларға ешқандай хабарлама тапсырудың қажеті жоқ.