"5 баласын алып, біржола төркініне кетті": "Күйеуімнен құтқарыңдар" деп шырылдаған әйел ел естімеген жайтты айтты (ВИДЕО)

Бүгін, 18:57 / Arasha.kz
Arasha.kz

Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты кезекті жан түршігерлік жағдай қоғамның ашу-ызасын тудырды. Жамбыл ауданында тұратын әйел әлеуметтік желі арқылы "күйеуімнен құтқарыңдар" деп елден көмек сұрап, бейнеүндеу жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Әйелдің айтуынша, күйеуі ішімдікке салынған, үнемі отбасына күш көрсетіп, тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермейді. Ол бірнеше рет балаларын алып кетуге тырысқанымен, күйеуі қорқытып, күштеп қайтадан үйіне алып келген.

"Кетейін десем, артынан қуып жетіп, қайта сүйреп әкеледі. Балаларым үшін қорқамын", – дейді ол бейнежазбада.

Желіде тараған видео көпшіліктің ашық наразылығын туғызды. Қолданушылар әйел мен балаларды дереу қорғауға алып, ер адамды ата-ана құқығынан айыруды талап етуде.

Осы жағдайға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, 49 жастағы азаматтың жұбайына қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету дерегі бойынша тексеру жұмыстары басталған. Алайда ресми ақпаратқа сәйкес, бұған дейін бұл отбасы бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түспеген.

Арада бір күн уақыт өткен соң журналист Гүлмира Әбіқай Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазба жариялап, әйелдің біржола төркінге кеткенін жеткізді.

"Кеше желіні шулатқан әйел аман-есен. 5 баласын алып, төркініне кетті. Біржола", – делінген журналистің жазбасында.

Тэгтер:

Алматы облысы күйеу