Азаматтық белсенді Вадим Курамшин Қостанай облысындағы «Амангелді» туристік кешенінің пантеонынан Салтанат Нүкенованың есімі жазылған мемориалдық тақтаның алынып тасталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бірнеше күн бұрын белсенді Қостанай облысындағы пантеонда Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақтайшаның орнатылуын сынға алған болатын. Ол бойжеткеннің көзі тірісінде Қазақстанның дамуына саналы түрде үлес қоспағанын, тек агрессордың құрбаны болғанын және оның есімі тарихи тұлғалардың есімімен қатар мәңгілікке қалдырылмауы тиіс екенін алға тартқан, деп жазды «NewTimes.kz» АА.
Курамшиннің айтуынша, жарияланымнан кейін жергілікті билік өкілдері онымен байланысқа шығып, тақтайшаның алынып тасталғанын хабарлаған. Ол бұл жоба меценат Сапар Ысқақовтың демеушілік қаражаты есебінен құрылғанын және ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың құрметіне арналған мемориал ретінде жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар, Курамшин мұндай шешімдер қоғаммен талқылануы тиіс екенін, ал іріктеу критерийлері ашық әрі түсінікті болуы керектігін атап өтті.
Қостанай облысының әкімдігі қазіргі уақытта пантеонда Нүкенованың есімі жазылған тақтайшаның жоқ екенін растады.
«Меценаттың жеке бастамасы бойынша жекеменшік жабық ғимараттардың бірінде танымал тұлғалардың есімдері мен есте қаларлық тарихи оқиғалар жазылған бірнеше ондаған тақталар, соның ішінде Салтанат Нүкенованың есімі жазылған тақта орналастырылған. Бұл тақталар тек меценаттың жеке қалауы бойынша орнатылған. Меценаттың берген ақпараты бойынша, қазіргі уақытта ол жерде Нүкенованың есімі жазылған тақта жоқ», — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін әкімдік әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Салтанат Нүкенованың есімі «Ұлттық жады қабырғасына» орналастырылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаған болатын.