Ресейлік тележүргізуші соңғы күндері үйреншікті эфирлерден көрінбей кетті. «Россия-1» телеарнасындағы «Владимир Соловьевпен өткен кеш» бағдарламасының орнына кестеде телехикая пайда болды, ал оның «Комсомольская правда» радиосындағы таңғы эфирлерін басқа журналистер жүргізуде, деп хабарлайды Arasha.kz.
Осы жағдайға байланысты әлеуметтік желілерде оны экраннан әдейі алып тастаған жоқ па деген талқылаулар қызу жүріп жатыр.
Кейбір ресейлік БАҚ жүргізушінің жұмыстан босатылуы мүмкін екенін айтуда. Бұл мәселе расымен талқыланған, бірақ іс жүзіне аспаған көрінеді. Кадрлық шешімге РФ Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов тосқауыл қойды деген ақпарат бар.
Дауға Соловьевтің Армения мен Орталық Азия елдеріндегі ықтимал «арнайы операция» туралы айтқан резонансты мәлімдемелері себеп болды. Тележүргізуші өз шоуының эфирінде Орталық Азияны «біздікі» деп атап, Ресей өзінің «ықпал ету аймағының» басқа бөліктерінде де «арнайы әскери операция» бастауы мүмкін екенін мәлімдеген. Сонымен қатар, ол Армениядан айырылу және Орта Азиядағы (автордың тұжырымы) тұрақсыздық ел үшін «орасан зор мәселеге» айналуы мүмкін екенін айтқан.
Кейінірек Сыртқы істер министрлігі тарапынан үлкен наразылық туындады: дипломаттарға көпшілік алдында ақталып, тележүргізушінің мәлімдемелері Кремльдің ұстанымын білдірмейтінін түсіндіруге тура келді. Жағдайға ведомствоның ресми өкілі Мария Захарова да түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл тікелей мәлімдеме емес, жеке арнадағы журналистің сұрақ түріндегі пікірі ғана болған. Ал Ресейдің ресми ұстанымын тек мемлекеттің уәкілетті өкілдері ғана айта алады.
Дегенмен, Соловьевтің эфирден жоғалып кетуінің нақты себебі әлі белгісіз. Медиа ортада басқа да нұсқалар талқылануда: жоспарлы демалыс пен қосымша жобалармен жұмыс істеуден бастап, телеарнадағы ішкі ауыс-түйістерге дейін айтылып жатыр. Денсаулығына байланысты мәселелер болуы мүмкін деген нұсқа да толық жоққа шығарылмағанымен, оған ешқандай дәлел жоқ.