Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасына көңіл айтты, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
«Қазақстанның тұңғыш мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлының қайтыс болғаны туралы қаралы хабар менің де қабырғамды қайыстырды. Өз атымнан және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстары мен жақындарына, еліміздің барша мұсылмандарына қайғырып көңіл айтамын. Мәңгілік мекені жәннат болсын», – делінген Бас мүфтидің көңіл айту хатында.
Наурызбай қажы Тағанұлы Рәтбек хазіреттің еліміздегі діни өмірдің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті. Оның ҚМДБ-ны басқарған кезеңі халықтың діни сауатын арттыруға ерекше мән берілген «алғашқы діни ағартушылық кезеңі» деп аталды. Оның тікелей қолдауымен елімізде 30-дан астам мешіт салынғаны атап өтілді.
1990 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандарының І құрылтайы өтіп, онда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды. Сол уақытта Рәтбек қажы Нысанбайұлы ҚМДБ-ның тұңғыш төрағасы және еліміздің Бас мүфтиі болып сайланды.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. ҚазПИ-дің тарих факультетін, Бұхарадағы «Мир-Араб» медресесін және Бұхара педагогикалық институтын бітірген. 1969–1975 жылдары Ливия университетінде «шариғат және құқық» мамандығы бойынша білім алған. 1979 жылдан бастап Қазақстанның қазиы болды, ал 1990–2000 жылдары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарды.