ТЖД Жангелдинде жоғалған тұрғындарды іздеуді тоқтатты

Бүгін, 21:31 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Жангелдин ауылында жоғалған тұрғындарды іздеуге бағытталған іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, іздеу шаралары Атырау облыстық полиция департаментінің ресми сұрауы негізінде жүргізілген. Құтқару бөлімшелері елді мекен аумағын толықтай тексеріп шыққан.

"Полиция белгілеген барлық аумақ қаралды. Қазіргі уақытта полиция департаментінен іздеуді жалғастыруға қатысты қосымша тапсырмалар немесе жаңа бағыттар түскен жоқ", – деп хабарлады Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Еске салсақ, бір отбасы мүшелерін іздеу былтыр 25 желтоқсанда туыстарының құқық қорғау органдарына жүгінуінен кейін басталған. Тергеу барысында қорадан үй иесі мен оның жұбайының мәйіттері табылған. Алайда олардың балалары – Наурыз бен Мирамгүл әлі күнге дейін табылмай отыр.

Сондай-ақ марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиевтің де қайда екені белгісіз. Ол кісі өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде қарастырылуда. Бұдан бөлек, оның жұбайы, қаза болған ерлі-зайыптылардың қызы Ақбаян да із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Тэгтер:

ТЖД Атырау облысы жоғалған отбасы Жангелдин ауылы