Атырауда жоғалған отбасы мүшелері табылды ма? Жангелдиндегі іздестіру жұмыстары тоқтатылды

Бүгін, 11:58 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Жангелдин ауылында жоғалған тұрғындарды іздеуге бағытталған іздестіру-құтқару шаралары тоқтатылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп Arasha.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, іздеу жұмыстарына Атырау облыстық полиция департаментінің ресми сұрауы негізінде құтқару бөлімшелері тартылып, елді мекен аумағы толықтай тексерілген.

"Полиция айқындаған барлық учаскелер қаралды. Қазіргі уақытта полиция департаментінен іздеуді жалғастыруға қатысты жаңа тапсырмалар немесе бағыттамалар түскен жоқ", – деп хабарлады Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті.

Еске сала кетейік, бір отбасы мүшелерін іздеу былтыр 25 желтоқсанда туыстарының құқық қорғау органдарына жүгінуінен кейін басталған. Тергеу барысында қорадан үй иесі мен оның жұбайының мәйіттері табылған. Алайда олардың балалары – Наурыз бен Мирамгүл әлі күнге дейін табылмай отыр.

Сонымен қатар марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиевтің де қайда екені белгісіз. Ол кісі өлтіру дерегі бойынша күдікті ретінде қарастырылуда. Бұған қоса, оның жұбайы Ақбаян – қаза болған ерлі-зайыптылардың қызы да із-түзсіз кеткен.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы