17 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі Марқакөл ауданының Шанағатты ауылында (бұрынғы Орловка) -56 градус аяз тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz. Өңірде қатты аяз әлі де сақталып тұр.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданының Парыгино ауылында термометр бағаналары -53 градусқа дейін төмендегені белгілі болған еді. Ауа температурасын тұрғындар камераға түсіріп алған. Оның алдындағы күні бұл елді мекенде -45 градус болған болатын.
Ауылдық округ әкімі Ғани Түлеков Парыгино тұрғындарының төтенше ауа райы жағдайларына алдын ала дайындалғанын мәлімдеді.
«Әлеуметтік нысандар мен тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, жұмыста ешқандай іркіліс тіркелген жоқ. Жағдай тұрақты бақылауда», — деді әкім.