Ұзатылғанына үш күн болған келін қайтыс болды: анасы күмән келтірді

Бүгін, 14:07 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Өзбекстанның Ташкент облысында жас келіннің жұмбақ өлімі қоғам назарын аударды. Ұзатылғанына бар болғаны үш күн өткенде өмірден озған келіннің қазасы көпшілікті бейжай қалдырмады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмның анасы телешоу барысында қызының өліміне күмән келтіріп, оны әдейі тұншықтырып өлтірген болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, 3 сәуір күні жалғыз қызын Келес қаласына ұзатқан. Күйеу жігіттің туыстары өздерінің ауқатты екенін алға тартып, қызды алып кетуге көндірген.

"Бұл менің жалғыз қызым еді. Күйеуім болмаса да, қолдан келгенше жақсы той жасағым келді. Алайда арада үш күн өткенде маған “қызыңның сүйегін алып кет” деп хабарласты. Мұндай сөзді есту – ана үшін ең ауыр соққы", – дейді ол.

Қайғылы жағдай 6 сәуір күні кешкі уақытта болған. Анасының айтуынша, қызы соңғы сәттеріне дейін өзін бақытты сезінгенін айтып, видеолар арқылы жиендеріне қуанышын жеткізіп жүрген.

"Ол өз-өзіне қол жұмсайтын адам емес", – дейді марқұмның анасы.

Ал келіннің енесі керісінше, бұл іске ешкімнің қатысы жоқ екенін алға тартты.

"Іс жабылды. Ол күні үйде ешкім болған жоқ. Үйге түскеніне небәрі үш күн болған келінді біреу өлтірді деу мүмкін емес", – деді ол.

Марқұм келіннің отбасы махалла ішінде сыйлы жандардың бірі болғаны, ал анасының екі баласын жалғыз өзі тәрбиелеп өсіргені де айтылып отыр.

Бас прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде марқұмның денесінен тұншығу белгілері анықталмағаны хабарланды. Тергеуге дейінгі тексеру барысында қылмыс құрамы табылмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған.

Тэгтер:

өзбекстан Ташкент