"Біздің туысымыз": 21 жастағы қызды өлтірген жігіт блогердің інісі болып шықты (ВИДЕО)

Бүгін, 15:46 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша күдіктінің туыстары – танымал блогер Камила Әділхан мен оның жұбайы Мағжан Аймахан алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Turkystan.kz.

Олар алдымен марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, бұл қасіреттің екі тарапқа да ауыр соққы болғанын атап өтті.

"Ең алдымен Нұрайдың ата-анасы мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге сабыр берсін. Бұл – кез келген ата-ана үшін орны толмас қайғы", – делінген жазбада.

Сонымен қатар олар күдікті Шерхан Аймаханпен туыстық қатынасты жасырмай, оның Камиланың әкесінің інісінің баласы екенін нақтылады.

"Иә, Шерхан – біздің туысымыз. Бірақ ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болғанын қаламайды. Бұл жағдай бізге де өте ауыр тиді. Қандай жаза болса да, ол Нұрайды қайтарып әкелмейді. Бұл екі жақтың да ата-анасы үшін аса ауыр сынақ", – деп жазды олар.

Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан сот процесінің әділ өтуін қалайтындарын жеткізді.

"Соттың әділ болғанын қалаймыз. Қанша жылға сотталса да, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орны толмайды. Сол үшін дұға етуден басқа амалымыз жоқ", –  делінген пікірде.

Сондай-ақ олар блогерлермен туыстық байланыс істің әділ шешілуіне әсер етеді деген қауесеттерге де жауап берді.

"Блогермен туыс болса, бәрі шешіліп кетеді деген әңгімелер тарады. Бұл – шындыққа жанаспайды. Керісінше, қоғам алдында жүрген адам ретінде, қанша жақын туысымыз болса да, бұл іске әділ баға беріліп, заң аясында шешім шыққанын қалаймыз. Бұл – өте ауыр әрі зұлымдықпен жасалған қылмыс", – деп атап өтті олар.

Тэгтер:

шымкент блогер Нұрай Серікбай Камила Әділхан