Танымал продюсер Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі парақшасында өткен өмірінен сыр шертетін жазба жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Продюсердің айтуынша, оқиға Алматыда өткен алғашқы Вена балы кезінде болған. Ол уақытта Баян Алагөзова шамамен 36 жаста, өз бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі еді. Сол кеште оның жүргізуші серігі белгілі өнертанушы әрі тележүргізуші Святослав Бэлза болған. Кеш жалпы алғанда жағымды өткенімен, масаң күйге түскен кейбір бизнесмендердің әрекеті продюсерге ыңғайсыздық тудырғанын да жасырмады.
Келесі күні Баян Алагөзова Святослав Бэлзаны тікелей эфирге қонақ ретінде шақырған. Бір сағатқа созылған сұхбат аяқталған соң, танымал тележүргізуші күтпеген ұсыныс жасағанын продюсер еске алды.
"Сіз Мәскеуге көшуді ойламайсыз ба? Мен сізді өзім жұмыс істейтін "Культура" арнасына шақырамын. Сөзіңіз анық, дикцияңыз керемет, тамаша жүргізушісіз әрі сұлу жансыз. Көрерменнің ықыласына тез бөленетініңізге сенімдімін. Пәтерді арна есебінен жалдаймыз, жалақы – үш мың доллар", – деген ол.
Алайда Баян Алагөзова бұл ұсынысқа бірден ішкі жауабын біліп тұрғанын айтады.
"Жауабым – "жоқ" болды. Мен әрдайым да, қазір де білемін: менің орным – туған жерімде. Осында мен өз жолыммен келе жатырмын. Бұл жол – қызықты, мазмұнды, оқиғаға, жобалар мен адамдарға бай. Мен бақытты адаммын, мен шығармашылықпен өмір сүріп келемін", – деп жазды продюсер.