Бұл туралы журналист Самал Ибраева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің мәліметінше, өзін Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық әйелі ретінде таныстырған Асылжан Есенқызы "Ұлыс" жобасына сұхбат берген. Самал Ибраеваның айтуынша, бұл әңгіме «тоқал тақырыбын тізбектейтін» подкаст емес, керісінше, шамамен 30 жыл ел басқарған Назарбаевтар әулетінің моральдық болмысы, психологиялық портреті мен құндылықтарын ашып көрсеткен мазмұнды сұхбат болған.
Журналистің жазуынша, Қайрат Сатыбалды бір жылдың ішінде қатарынан үш әйел алған. Ал Асылжан Есенқызына үйлену мәселесінде сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы болғаны айтылды. Осыған байланысты «отбасылық кеңес» құрылып, Сатыбалдының әйелдеріне қатысты мәселелер талқыланған көрінеді.
Самал Ибраева бұл жағдайды сол кезеңдегі елдің әлеуметтік ахуалымен салыстыра отырып, халық күнкөріс қамымен базар жағалап, қара нан табудың жолын іздеп жүрген шақта, биліктегі әулет тұрмыстық және жеке мәселелермен әлек болғанын атап өтті. Сондай-ақ Қайрат Сатыбалдының бір кезеңде ұлттық қауіпсіздік саласына да жауапты қызмет атқарғанына назар аударды.
Журналистің айтуынша, бүгінде Қайрат Сатыбалдының бұрынғы азаматтық жары Асылжан науқас қызын жалғыз өзі бағып отыр. Сұхбат барысында ол жүкті кезінде азаматтық некедегі күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін, кейін көліктері мен дүние-мүлкінен айырылғанын, тіпті жалғыз баспанасын да тартып алуға әрекет жасалып жатқанын айтқан.
— Қазақстанның Назарбаевтар әулетінің 30 жылдық билігінен кейін экономикалық әрі моральдық тоқырауға ұшырауының себептерін осындай оқиғалардан-ақ аңғаруға болады. Ең қорқыныштысы — Сатыбалдының айналасындағы жақтастары оны «егер монархия болса, елді сіз басқаруыңыз керек» деп үгіттегені. Мұндай жағдайда бізді Құдай сақтап қалған шығар… Адам құқығы, әйелдің еркі мен хақы, ұрпақ тағдыры, мемлекеттің құрылымы туралы көзқарасы осындай, өзі мойындағандай «білімі 11 жылдық мектептен аспаған» адам ел тізгінін ұстағанда не болар еді? — деп жазды Самал Ибраева.