Иммиграциялық визалар тоқтады, Мексика арқылы заңсыз миграция күшейе ме?

Бүгін, 11:17 / Arasha.kz
Фото: ЖИ арқылы жасалған иллюстрация

АҚШ Мемлекеттік департаменті 21 қаңтардан бастап Қазақстанды қоса алғанда 75 мемлекет азаматтарына иммиграциялық визаларды уақытша беруді тоқтатқан болатын. Сарапшы бұл жайт АҚШ-қа барудың баламалы жолдарына қызығушылық тудыруы мүмкін екенін айтады.

«Airvisa agency 398» визалық орталығының директоры, сарапшы Жанель Калхабаева егжей-тегжейін түсіндірді:

– Қазақстан азаматтарына иммиграциялық визалардың уақытша тоқтатылуы АҚШ-қа барудың балама жолдарына, әсіресе туристік визаға қызығушылықты арттыруы мүмкін. Бірақ мұндай кезде консулдықтар өтініш берушіні өте мұқият тексереді, себебі иммиграциялық тәуекел жоғары деп бағаланады, – дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы үшінші елдер арқылы кіру немесе Мексика бағытын пайдалану – заңдық және миграциялық тұрғыдан өте қауіпті екенін ескертеді.

– Туристік виза иммиграциялық визаның орнын баса алмайды, ал оны дұрыс қолданбау көбіне виза беруден бас тартуға немесе АҚШ-қа кіруге ұзақ мерзімді тыйым салуға әкеледі, – дейді Жанель Калхабаева.

Маман иммиграциялық визалар беруді уақытша тоқтату АҚШ-тың одан толыққанды бас тартқанын білдірмейтінін айтты. Сарапшы сөзінше, өтініштер әлі де қабылданады, сұхбаттар жүргізіле береді, бірақ үміткерлерді тексеру мен бағалау тәртібі қайта қаралғанша визалар іс жүзінде берілмейді.

– Бұл шара АҚШ-қа баратын мигранттардың қаржылық дербестігін бағалауға бағытталған ережелерге негізделген. Ал бейиммиграциялық визалар (мысалы, туристік виза) әзірге қолжетімді. Дегенмен консулдық шешімдерде қосымша тексерулер мен қатаң бақылаудың күшеюін күту керек, – деді маман.

Кәмила Дүйсен

Тэгтер:

АҚШ виза миграция Мексика Иммиграциялық Иммиграция