Ұйқыда оянбай қалу көпшілікке көбіне қарттықпен байланысты құбылыс сияқты көрінеді. Алайда кардиолог Андрей Кондрахиннің айтуынша, мұндай жағдай кез келген жаста болуы мүмкін. Мамандар ұйқы кезінде өлімге әкелетін негізгі себептерді атап өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ұйқы – сырттай тыныш көрінгенімен, ағза ішінде күрделі үдерістер үздіксіз жүріп жататын кезең. Адам 7-8 сағат бойы сыртқы әсерлерден ажырағандай күй кешеді: дыбысты сезбейді, көз ілінеді, уақыттың қалай өткенін аңғармайды. Дәл осы сәтте ағзадағы кейбір қауіпті өзгерістер байқалмай өрши беруі мүмкін.
Кардиологтың айтуынша, ұйқыда оянбай қалудың ең жиі себептерінің бірі – жүрек ырғағының бұзылуы. Жүрек соғысының кенет өзгеруі кейде еш белгі берместен ауыр салдарға әкелуі ықтимал. Мұндай қауіп тек егде жастағыларға ғана емес, жастарға да тән.
Екінші маңызды себеп – тромбоз. Қанның ұюы салдарынан тамыр бітеліп, ағзаға оттегі мен қанның жетуі қиындайды. Бұл әсіресе жүрек-қан тамыр жүйесінде кінәраты бар адамдар үшін аса қауіпті.
Үшінші фактор ретінде гастроэзофагеальды рефлюкс аталады. Дәрігердің ескертуінше, бұл дерт те ұйқы кезіндегі өлімге себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар адам түнде инсульт алып, оянбай қалуы да ықтимал.
Бесінші себеп – апноэ, яғни ұйқы барысында тыныстың уақытша тоқтап қалуы. Мамандардың айтуынша, апноэ кезінде өлім көбіне кенеттен болады: адам ауа жетпей, тұншығып қалады. Сондықтан түнгі тыныс алу мәселесін елемей қалдыруға болмайды.
Бұдан бөлек, ұйқы кезінде өлімге алып келетін басқа да қауіптер бар. Олардың қатарында алкогольден улану, психостимуляторларды шамадан тыс қолдану, сондай-ақ ұйықтататын дәрілердің артық дозасы кездеседі. Кей жағдайда қауіп аурудан емес, адамның өз әрекетінен туындайды.
Көпшілік ұйқыдағы өлімді тек кәрілікпен байланыстырады. Алайда дәрігерлер жас ерекшелігін басты себеп ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Жүрекке қатысты кенеттен болатын өлім кез келген жаста кездесуі мүмкін, ал жастарда бұл көбіне генетикалық бейімділікпен ұштасады.
Өз денсаулығын қорғау үшін маман бірнеше қарапайым, бірақ маңызды кеңес береді. Біріншіден, жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұру қажет. Екіншіден, жарақаттан немесе операциядан кейін дәрігер нұсқауларын бұлжытпай орындау маңызды. Үшіншіден, салауатты өмір салтын ұстану – ұйқыдағы қауіпті жағдайлардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.