Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің рухани көшбасшысы, аятолла Әли Хаменейге қарсы кез келген әрекет Иранға қарсы ашық соғыс деп қабылданатынын мәлімдеді. Бұл ескерту АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Иранның жоғарғы жетекшісін биліктен кетіру немесе көзін жою мүмкіндігін қарастырып жатыр деген қауесеттер аясында айтылды, деп хабарлайды Arasha.kz Taulik.kz басылымы аударып берген жаңалыққа сілтеме жасап.
Пезешкиан X әлеуметтік желісіндегі жазбасында: «Еліміздің ұлы көшбасшысына жасалған шабуыл – иран халқымен толыққанды соғыс жүргізумен бірдей», – деп атап өтті. Оның сөзінше, соңғы аптада елді шарпыған жаппай наразылықтардың артында да АҚШ тұр.
Президент Иран халқының әлеуметтік-экономикалық қиындықтарын Вашингтонның ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан санкциялық саясатының салдары деп бағалады. «Егер халықтың тұрмысында қиындықтар бар болса, оның басты себептерінің бірі – АҚШ пен оның одақтастары енгізген адамгершілікке жат санкциялар», – деді ол.
Ал Дональд Трамп Politico басылымына берген сұхбатында Хаменейдің билікте отырғанына 40 жылға жуық уақыт болғанын сынға алып, оны «елін дұрыс басқара алмай отырған, өз халқына қарсы күш қолданатын адам» деп атады. Трамп Ирандағы наразылықтарды ашық қолдап, ирандықтарды «институттарды өз қолына алуға» шақырды және «көмек жолда» екенін мәлімдеді.
Ирандағы соңғы толқулар 28 желтоқсанда басталды. Алдымен қымбатшылық пен ұлттық валютаның құлдырауына қарсы шыққан наразылықтар кейін режимге қарсы ауқымды қозғалысқа ұласты. Билік 8 қаңтарда ел бойынша интернет пен байланыс желілерін дерлік толық өшіріп, ақпарат таралуын шектеуге тырысты.
АҚШ-тың Иранға қарсы әскери соққы беруі де бір қадам қалғаны хабарланды. Алайда соңғы сәтте Трамп бұл шешімді кейінге қалдырды. Axios басылымының мәліметінше, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Иранның жауап қайтару қаупіне байланысты Вашингтонды сақтыққа шақырған. Ал Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман аймақтағы тұрақсыздықтың күшеюінен қауіптеніп, әскери әрекеттен бас тартуға үндеген.
«Барлығы өте жақын болды», – деді Axios-қа аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік. Оның айтуынша, соққы беру туралы бұйрық берілмеген.
Сонымен қатар Трамп Иран билігі жоспарланған 800 адамның өлім жазасын уақытша тоқтатты деп мәлімдеді. Олардың қатарында наразылыққа қатысқаны үшін өлім жазасына кесілген 26 жастағы Ерфан Солтани де болған. Құқық қорғау ұйымдарының айтуынша, ол қамауда азапталған және медициналық көмекке қол жеткізе алмаған.
Ирандағы наразылықтар кезінде кемінде 5 мың адам қаза тапқан, олардың шамамен 500-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері. Билік бұл өлімге «қарулы бүлікшілер мен террористерді» айыптайды. Ал Хаменейдің өзі мыңдаған адамның қаза тапқанын алғаш рет мойындап, жауапкершілікті АҚШ-қа жүктеді.
Қазір елде салыстырмалы тыныштық орнағанымен, ірі қалаларда тұрғындар түнде үйлерінің терезесінен Хаменейге қарсы ұрандар айтып жатқанын куәгерлер хабарлайды. Интернетке қолжетімділік те ішінара қалпына келе бастаған.
Иран мен АҚШ арасындағы шиеленіс тағы да қауіпті шекке жақындап тұр. Ал Хаменейдің тағдыры аймақтық ғана емес, жаһандық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін факторға айналып отыр.