ҚР Ұлттық банкі қазақстандықтардың есебінен банктерге неліктен бір триллион теңге «сыйлады»?

Бүгін, 10:43 / Қайсар Қалам
Сурет: Үкімет

Тимур Сүлейменов басқаратын Ұлттық банк іс жүзінде ірі банктердің мүддесін қорғауды жалғастырып отыр. Ағымдағы шоттарға пайыздық мөлшерлеме қосуға салынған тыйымның алынуы тек «косметикалық» сипатта ғана. Бұл туралы қаржыгер әрі белгілі сарапшы Ғалым Құсайынов 2026 жылдың қаңтарында қол қойылған «Банктер және банктік қызмет туралы» жаңа заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Сарапшының айтуынша, тыйым ресми түрде алынғанымен, реттеуші орган шекті мөлшерлемені небәрі 1% деңгейінде бекітпекші. Бұл реформаны жай ғана көзбояушылыққа айналдырады. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі шамамен 18% болғанда, банктер ағымдағы шоттардағы 6 трлн теңгені тегінге жуық пайдаланып, жылына шамамен 1 трлн теңге табыс табады. Бұл — азаматтардың, бизнестің және бюджеттік ұйымдардың ақшасы. Олар іс жүзінде банктерді тиісті сыйақысыз «кредиттеп» отыр.

Құсайынов реттеушінің «депозиттердің каннибализациясы» (жинақтардың ағымдағы шотқа ауысуы) қаупі туралы уәжі Қазақстан нарығына сәйкес келмейтінін атап өтті. Біздегі көптеген депозиттерден ақшаны кез келген уақытта пайызын жоғалтпай шешіп алуға болады, яғни олардың ағымдағы шоттан айырмашылығы шамалы. Сондықтан банктер үшін өтімділік тәуекелі бірдей, бірақ олар клиенттерге ақша төлеуге асығар емес.

Сарапшы АҚШ мысалын келтірді: онда мұндай тыйым 80 жылға жуық (Regulation Q) қолданылып, 2011 жылы зиянды деп танылып, күші жойылған. АҚШ бұл шектеудің үш негізгі кесірін анықтаған:

  1. Ақшаның банктерден кетуі — клиенттер тиімдірек банктік емес құралдарға ауысқан.
  2. Пайдасыз схемалар — компаниялар ақшаны түнде аудару сияқты амалдарға артық ресурс жұмсаған.
  3. Шағын бизнесті кемсіту — ірі корпорациялар шектеулерді айналып өткен, ал шағын компаниялар зардап шеккен.

Қазақстанда қазіргі жүйеден әсіресе бюджеттік ұйымдар зардап шегуде, себебі заң оларға ақшаны депозитке салуға тыйым салады. Осының салдарынан мемлекет жыл сайын 200–300 млрд теңгеден айырылып отыр, бұл қаражат бюджетке түсудің орнына банктердің таза пайдасына айналуда.

Мұндай саясаттың нәтижесінде банктер бұрын-соңды болмаған пайдаға кенелді: 2025 жылдың 11 айында олар 2,5 трлн теңгеден астам пайда тауып, капитал рентабельділігін 30%-ға жеткізді. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Алайда бұл пайданы негізінен үздік 5 банк көріп отыр, бұл нарықтың монополиялануын күшейтіп, шағын және орта банктерді тығырыққа тірейді.

Бұған қоса, валюталық депозиттер бойынша минималды резервтік талаптардың (МРТ) жоғарылауы жағдайды қиындата түспек. Құсайыновтың пікірінше, бұл ең алдымен шағын банктерге соққы болып, қазақстандықтардың ақшасын банктердің өз инвестициялық құрылымдары арқылы шетелдік қор нарықтарына шығаруға итермелейді.

Сарапшының пайымдауынша, адал нарықтық бәсекелестіктің орнына Ұлттық банк ірі ойыншылардың аса жоғары табысын заңдастырып, клиенттерді ақшаны карта мен депозит арасында үнемі ауыстырып отыруға мәжбүрлейді. 2025 жылы халықтың нақты табысы 2%-ға төмендегенін ескерсек, мұндай саясат қарапайым қазақстандықтар үшін өте ауыр.

Ғалым Құсайынов Қазақстанның (Ұлттық банктің) тағы да жалпы экономика мен азаматтарға емес, тек алпауыт банктерге тиімді «ерекше жолды» таңдап отырғанын айтып, сөзін түйіндеді.

Тэгтер:

банк Ұлттық Банк Тимур Сүлейменов