Алматы мектептеріндегі «теракт» қаупі туралы ақпарат: Полиция не дейді?

Бүгін, 12:33 / Қайсар Қалам
Сурет: Polisia.kz

Желіде Алматы мектептерінде жаппай теракт жасалатыны туралы хабарламалар тарап жатыр. Қалалық полиция бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мектеп чаттары мен топтарда Telegram-каналдан алынған скриншоттар таратылуда. Онда белгісіз тұлғалар сейсенбі, 20 қаңтар күні мектептерде жаппай шабуыл жасайтынын айтып қорқытқан.

«Құрметті ата-аналар! Қаладағы барлық мектептер бұл жағдайдан хабардар: біз бұл ақпаратты кеше алдық (қазіргі таңда дереккөзі іздестіріліп жатыр деп ойлаймыз). Күзет ұйымдарына ескерту жасалды. Біз де алаңдаулымыз, бірақ қауіпсіздік шаралары толықтай қабылданады. Көп нәрсе оқушыларымызға да байланысты. Ата-аналардан балалардың айналасы мен мінез-құлқын бақылауда ұстауды сұраймыз», — деп жазды қалалық мектептердің бірінің әкімшілігі.

Алматы қалалық Полиция департаменті теракт дайындалып жатқаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және фейк екенін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта қаладағы оқу орындарында жағдай бақылауда. Полиция және басқа да жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Балалар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Жалған ақпарат тарату дерегі бойынша жедел-іздестіру шаралары басталды. Фейк хабарламаның авторы мен дереккөзі анықталуда. Оны таратуға қатысы бар тұлға заң бойынша жауапқа тартылады», — делінген ПД хабарламасында.

Тәртіп сақшылары алматылықтарды сабыр сақтауға, дүрбелеңге берілмеуге және тек ресми ақпарат көздеріне — мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының мәліметтеріне сенуге шақырды.

«Көрінеу жалған ақпарат тарату, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты болса, бұл — ауыр құқық бұзушылық және тиісті жауапкершілікке әкеп соғады. Тексерілмеген хабарламаларды басқаларға жібермеуді және таратпауды сұраймыз», — деп түйіндеді құқық қорғау органдары.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент тұрғындары да мектептердегі «теракт» туралы осындай хабарламалар алған болатын. Ол кезде полиция тексеріс бастап, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырған еді.

Ал қараша айында Ақтау мектептеріне де осындай қоқан-лоққы көрсетілген болатын. Облыстық полиция департаменті тұрғындардан дүрбелеңге салынбауды сұрап, оқушылар мен қызметкерлердің өміріне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын атап өткен.

Мамандар мұндай хабарламалар шыққан бойда полицейлер міндетті түрде тексеріс жүргізетінін, бірақ әдетте қауіп расталмайтынын айтады.
 

Тэгтер:

алматы полиция мектеп теракт