Иран билігі наразылық шаралары кезінде 5 000 адам қаза тапқанын мәлімдеді

Бүгін, 13:11 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Иран билігі елдегі жаппай наразылықтар кезінде кем дегенде 5 000 адамның қаза тапқанын ресми түрде растады. Бұл туралы Иран үкіметінің өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Үкімет өкілінің айтуынша, қаза тапқандардың арасында күш құрылымдарының 500-ге жуық қызметкері бар. Ресми Тегеран бейкүнә азаматтардың өліміне «террористер мен қарулы бүлікшілерді» айыптап отыр. Мәліметтерге сүйенсек, ең қанды қақтығыстар мен адам шығыны елдің солтүстік-батысындағы күрдтер қоныстанған аймақтарда тіркелген.

Сондай-ақ, Иран билігі бұл наразылық қозғалысын «Израиль мен шетелдегі қарулы топтар қолдап, қаржыландырып отыр» деген уәж айтады. Үкімет өкілі қаза тапқандардың түпкілікті саны бұдан былай айтарлықтай өспейтінін де алға тартты.

Алайда, АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының деректері билік мәлімдемесінен сәл өзгешелеу. Құқық қорғаушылардың есебінше, жаппай наразылықтар салдарынан 3 308 адам көз жұмған. Бұдан бөлек, тағы 4 382 өлім дерегі қазіргі уақытта тексеріліп жатыр.

HRANA мәліметі бойынша, наразылық шаралары басталғалы бері ұсталғандардың саны 24 000-нан асқан. Елдегі жағдай әлі де халықаралық қауымдастықтың жіті назарында қалып отыр.

Тэгтер:

наразылық Иран адам өлімі