СҚО-да бес жасар бала құлыптаулы үйде өртеніп кетті

Бүгін, 16:12 / Қайсар Қалам
Сурет: ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылында 18 қаңтар күні кешке қайғылы жағдай орын алды. Өрт салдарынан бес жасар қыз бала қаза тапты. Анасы баланы үйге жалғыз қалдырып, сыртынан құлыптап кеткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Екі пәтерлі үйдің бір бөлігінде 33 жастағы әйел мен 31 жастағы ер адам және әйелдің бес жасар қызы тұрып келген. Бұл отбасы «қолайсыз отбасы» ретінде есепте тұрған. Алдын ала мәлімет бойынша, ересектер үйдің пешін жағып, баланы жалғыз қалдырып, есікті сыртынан құлыптап, қонаққа кетіп қалған.

Көршілердің айтуынша, кішкентай қызды үйге жалғыз қалдыру оқиғалары бұған дейін де жиі қайталанған. Бірақ бұл жолғы немқұрайлылықтың соңы орны толмас қасіретке ұласты.

Өрт сөндірушілер жеткен кезде екі пәтерлі үй толығымен отқа оранып, тіпті шатыры құлап үлгерген.

«Өртті сөндіруге жеке құрамның 35 маманы мен 11 техника жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жаудың шығуына пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себеп болған», — деп хабарлады СҚО Төтенше жағдайлар департаменті.

Үйінділер арасынан құтқарушылар баланың күйіп кеткен денесін тапты. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қаза тапқан қыздың анасына қатысты да қылмыстық іс қозғау мәселесін қарастырып жатыр.

Айта кетелік, бұл өрттің кесірінен көрші пәтерде тұратын тұрғындар да баспанасыз қалды. Олардың үйі де отқа оранып, жарамсыз болып қалған.
 

Тэгтер:

өрт бала өлімі СҚО