Малшылар мен шопандар 55 жасқа толғанда арнаулы әлеуметтік төлем ала алады

Бүгін, 16:42 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасын мақұлдады. Бұл туралы министрлер кабинетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекеттік қолдау және саланы дамыту шаралары
Жоспарға мал шаруашылығын қолдаудың негізгі тәсілдері мен тетіктері енгізілген, олар мынадай мақсаттарға бағытталған:

Мал басын көбейту және өнімділікті арттыру;

Қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін кеңейту;

Тиімді маркетингтік инфрақұрылым мен жаңа өткізу нарықтарын қалыптастыру.

«Кешенді жоспар жобасында саланы кадрлармен қамтамасыз ету және мал шаруашылығы қызметкерлеріне әлеуметтік жағдай жасау шаралары қарастырылған. Бұған малшылар мен шопандардың 55 жасқа толғанда арнаулы әлеуметтік төлем алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй салуды қолдау және басқа да жеңілдіктер кіреді», – деп атап өтті Үкіметтегілер.

Ветеринарлық қауіпсіздік және сапа бақылауы

Экспорттық нарықтарға шығу үшін міндетті шарт болып табылатын ветеринарлық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінген. Ветеринарлық нысандарды жаңғырту және сауда нүктелерінде күнделікті бақылау жүргізу жұмыстары жалғасады. Жоспар бойынша мал иелерінің санитарлық нормаларды сақтауға қатысты жауапкершілігі артады.

Жоспарды қаржыландыру және іске асыру

Кешенді жоспар шаралары негізінен бюджетте қарастырылған қаражат есебінен жүзеге асырылады, оған мыналар кіреді:

Бюджеттік кредиттер;

Қаржы институттарының облигациялары бойынша купондық сыйақыны субсидиялау бағдарламалары.

Осылайша, бұл жоспар мал шаруашылығының тұрақты әрі тиімді жүйесін құруға, өнім сапасын арттыруға, сондай-ақ сала қызметкерлерінің әлеуметтік және экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған.

Тэгтер:

зейнетақы малшы шопан