Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) жаңа қаулы жобасын дайындады. Құжат мерзімді әскери қызметке шақырылғандар мен жұмыстан босатылғандар туралы мәлімет алмасу, олардың банктік қарыздары мен микрокредиттерінің болу-болмауы, сондай-ақ төлем мерзімін кейінге қалдыру ережелеріне өзгерістер енгізуді көздейді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жоба ҚР Қорғаныс министрлігі мен несие бюролары арасындағы мәлімет алмасу тәртібін бекітеді. Бұл мерзімді қызметтегі сарбаздардың несие төлемдерін уақытша тоқтата тұру (отсрочка) және жеке тұлғаның несие тарихында оның әскерде жүргені немесе босатылғаны туралы ақпаратты көрсету үшін қажет.
Сонымен қатар, жобада банктер мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) қойылатын жаңа талаптар жазылған:
Әскер жасындағы азамат несие алуға өтініш бергенде, қаржы ұйымы оның мәртебесін несие есебі арқылы тексеруге міндетті.
Егер азаматтың мерзімді әскери қызметте жүргені туралы мәлімет расталса, банк немесе МҚҰ несие беруден бас тартуы тиіс.
Құжат 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.