Үкімет азық-түлік бағасы арзан деп есеп жариялады

Бүгін, 17:33 / Arasha.kz
Фото: коллаж arasha.kz

Үкіметтің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жаңартылған тізімі баға динамикасына оң әсер ете бастады. Жыл басынан бері азық-түлік бағалары индексі небәрі +0,2% өсім көрсетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен (+0,7%) үш есе төмен.

Жыл басынан бері бірқатар тауарлар бойынша бағаның төмендеуі байқалады. Атап айтқанда, сүт өнімдері арзандаған:
– қаймақ – 0,2%-ға,
– сүт – 0,3%-ға,
– ірімшіктер – 0,6%-ға төмендеген.

Жеміс-көкөніс тобында да баға төмендеу үрдісі бар. Қызанақ 1%-ға, қияр 3,7%-ға, алма 1,5%-ға арзандаған. Сонымен қатар кеңейтілген тізімге енген басқа да азық-түлік өнімдері – күріш, шай, ет пен балық өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша бағаның төмендеуі тіркелді.

Айта кету керек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізімін кеңейту уақытша шара болып табылады. Алдағы кезеңде бұл тізім кезең-кезеңімен бастапқы 19 негізгі позицияға қайта қысқартылмақ.

Сонымен қатар күнбағыс майы, сары май және сүзбе бағасының өсуі сақталып отыр. Ал көкөніс өнімдері мен алманың бағасы жалпы алғанда тұрақты деңгейде қалып отыр. Қаңтар айында картоптың өндірушіден шығу бағасы бір килограмы 150–170 теңге аралығында ұсталып тұр.

Картоп пен сәбіздің экспортының артуы ішкі нарыққа қосымша қысым түсіруде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлерде тұрақтандыру қорларынан көкөніс өнімдерін нарыққа шығару жұмыстары басталды.

Тэгтер:

үкімет баға азық-түлік бағасы азық-түлік қымбатшылық тізім