Қаза тапқан судья Айгүл Сайлыбаеваның анасы Шолпан Батқалова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, Ресей аумағында жүрген күдіктілерді экстрадициялауға жеке араласуын және көмек көрсетуін сұрады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселе. марқұмның күйеуі мен енесі туралы болып отыр. Сондай-ақ, ол кішкентай немересі анасының өліміне қатысы бар адамдардың қасында болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Анасының айтуынша, Қазақстанда қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілер Ресейде болғандықтан, тергеу амалдарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Жақында олардың Мәскеуде тұрып жатқаны анықталған. Сонымен қатар, Батқалова кішкентай немересі Жаклиннің өз анасының өліміне қатысы бар адамдардың қолында қалуынан қорқады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Донцовтарды Қазақстанға экстрадициялау үшін Ресей тарапымен дипломатиялық келіссөздер жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймын», — деді Шолпан Батқалова.
Еске сала кетейік, Айгүлдің денесі 2024 жылдың жазында Германияның Бенсхайм қаласының маңынан табылған болатын. Ол жерде судья күйеуі, кішкентай қызы және енесімен бірге тұрған. 4 маусым күні таңертең әйел баласын балабақшаға апарып, содан кейін хабарсыз кеткен. Кейінірек оның өлім алдында зорлық-зомбылыққа ұшырағаны белгілі болды.