Павлодарда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалының қызметкерлері пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Павлодардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты сейсенбі күні Ж. есімді азаматты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы 3-бөлігінің 1, 2, 4-тармақтарымен (Пара алу), ал С. есімді азаматты осы баптың 1, 2-тармақтарымен кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысына мүлкі тәркіленбей, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деп хабарлады соттан.
Анықталғандай, 2021 жылдың желтоқсанында «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің» директоры қызметін атқарған Ж. өз қол астындағы қызметкерден құны 56 907 теңге болатын кеңсе креслосын пара ретінде алған.
Өткен жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында ол және аталған филиалдың Павлодар электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы С. бірігіп, А. есімді азамат пен «Б» ЖШС мердігер ұйымына зиян келтіреміз деп қорқытқан. Олар Ақсу-1 станциясында электромонтаждық жұмыстар жүргізген ЖШС-нің жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және жалпы қамқорлық көрсету үшін 2,7 млн теңге көлемінде пара бопсалаған.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.