Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр

Бүгін, 16:04 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалған азаматтарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметтерге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

ТЖД өкілдерінің айтуынша, іздестіру мүлде тоқтатылған жоқ. Тек құзырлы органдар алдын ала айқындаған белгілі бір аумақтарда іздеу жұмыстары аяқталған. Ал қосымша дерек түскен жағдайда, іздестіру қайта жалғастырылады.

Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары Ратбек Демеуберген қазіргі уақытта жеке құрам дайындық режимінде отырғанын атап өтті.

— Іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Бұған дейін полиция департаментінен түскен ақпаратқа сәйкес нақты аумақтарда іздеу жүргізілді, ол жерлер толық тексерілді. Егер жаңа мәліметтер пайда болса, соған сай тиісті шаралар қабылданады. Сондықтан “іздеу тоқтатылды” деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 3–6 қаңтар аралығында Жангелдин ауылындағы жоғалғандардың тұрғын үйі, елді мекен маңы, сондай-ақ су көздері түгел тексерілген. Сонымен қатар, құзырлы органдар қызметтік иттердің көмегімен де іздестіру жұмыстарын жүргізген.

Айта кетейік, Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі із-түзсіз жоғалған еді. Кейін 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті табылды. Ал олардың балалары — Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалина әлі күнге дейін табылған жоқ.

Аталған қылмыс бойынша күдікті ретінде үйдің күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған. Сондай-ақ жоғалған отбасының кенже қызы Ақбаян да халықаралық деңгейде іздестіріліп жатыр.

Тэгтер:

Атырау облысы