ҚХА-ның қажеттілігі жойылды деу қате – депутат

Бүгін, 17:37 / Қайсар Қалам
Сурет: Сенат

Қазақстан конституциялық құрылымды қайта қалыптастыру кезеңіне қадам басып отыр. Сенат депутаты Геннадий Шиповскихтің айтуынша, бұл реформалардың ауқымы бірнеше ірі институттың трансформациясын қамтиды және елдің саяси моделін жүйелі түрде жаңартуға бағытталған, деп хабарлайды Arasha.kz.

 – Қазір Қазақстан халқы ассамблеясының қажеттілігі жойылды деген пікірлер айтылуы мүмкін. Алайда бұл – қате түсінік. Уақыт өте келе Ұлттық құрылтай қалай өзінің тарихи миссиясын орындаса, Ассамблея да белгілі бір кезеңдегі міндетін атқарған институт ретінде өз функцияларын аяқтауға жақындады. Бұл екі құрылым да өзіне жүктелген тарихи миссияны мінсіз атқарды деп айтуға болады, – дейді депутат.

Алдағы кезеңде ҚХА жаңа форматта – Халық кеңесі атты жоғары консультативтік орган ретінде қайта құрылмақ. Бұл кеңес тек кеңесші алаң болып қалмауы мүмкін, болашақта оған белгілі бір заңнамалық тетіктер енгізу мәселесі де қаралуы ықтимал. Г.Шиповскихтің сөзінше, бұл өз кезегінде елде жаңа, мықты, институционалды органның қалыптасуына жол ашады.

– Сонымен қатар мұндай өзгерістер елдегі бірлік пен тұрақтылық әлсірейді дегенді білдірмейді. Керісінше, Ассамблеяның өкілеттіктері мен тарихи қызметіне тән функциялар жаңадан құрылатын Халық кеңесіне интеграцияланады. Яғни ұлттық диалог пен этносаралық келісімге қатысты тәжірибе жоғалып кетпейді, жаңа форматта жалғасады.
Депутаттың айтуынша, Парламенттің Құрылтай болып қайта құрылуы Сенаттың қысқаруымен шектелетін косметикалық өзгеріс емес, мемлекет басқару моделінің терең реформасы. 
– Қазақстан қазір Ата заңның жаңғыруы мен негізгі саяси институттарды қайта құру кезеңіне қадам басып отыр. Бұл тек Сенатты қысқартып, Мәжілісті қалдырумен шектелетін өзгеріс емес. Әу баста Президент айтқандай, Мәжіліс пен Сенат интеграцияланып, «Құрылтай» атауымен бір палаталы парламент қалыптасуы жоспарлануда, – дейді ол.

Жаңа модельде 145 депутаттан тұратын және 8 тұрақты комитеті бар құрылым құрылады. Қазіргі жағдайда Сенатта 6, Мәжілісте 7 комитет бар екенін ескерсек, комитеттер мен өкілеттіктер жүйесі де қайта реттелмек.
Шиповских вице-президент институтын енгізуді де маңызды саяси қадам деп бағалайды. Оның пікірінше, вице-президент лауазымының пайда болуы Қазақстанның сыртқы саясатындағы рөлін күшейтуге бағытталған.

– Әрине бұл бағыттағы жұмыстар конституциялық негізде айқындалады. Дегенмен Вице-президент лауазымының енгізілуі болашақта Қазақстанның сыртқы саясатына ерекше басымдық берілетінін көрсетеді. Қазіргі таңда Президент ішкі және сыртқы саясатты қатар жүргізіп, ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, вице-президент институты мемлекет басшысының көмекшісі іспетті жоғары лауазым болмақ, – деп атап өтті Г.Шиповских.

Депутаттың пікірінше, бұл қызмет сыртқы саясат мәселелерін үйлестіру, түрлі халықаралық форумдар мен саммиттерге қатысу және сол алаңдарда ел атынан өкілдік ету сияқты міндеттерді атқаруға мүмкіндік береді. Яғни өкілеттік салмағы бар, саяси мәні жоғары лауазым қалыптасады.

– Өкілеттіктер мен нақты функциялар Конституциялық комиссияның жұмысы нәтижесінде айқындалады. Ал конституциялық жобаның толық нұсқасы ұсынылған кезде бұл өзгерістермен толық танысамыз.  Бір сөзбен  айтқанда, Қазақстан бүгін үлкен жүйелі өзгерістердің саяси табалдырығында тұр. Бұл – жаңа кезеңдегі «Жаңа Қазақстанның» институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды қадам, – деп сөзін түйіндеді депутат.

Кәмила Дүйсен
 

Тэгтер:

депутат Қазақстан халқы Ассамблеясы Геннадий Шиповских