Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылды

Бүгін, 18:02 / Arasha.kz
Arasha.kz коллажы

Шымкентте студент Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты резонанс тудырған қылмыстан кейін қала полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрліктің мәліметінше, ІІМ-нің Ішкі қауіпсіздік департаменті марқұм қыздың туыстарының өтінішін Қаратау аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің тиісті деңгейде қарамауы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Ведомство қылмыстық іс аясында барлық жайт мұқият тексеріліп, полицияның қаншалықты жедел әрі толық әрекет еткені анықталатынын мәлімдеді. Тергеу қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

"Қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар лауазымды қызметкерлер ішкі істер органдарынан шығарылды", – деп хабарлады ІІМ.

Министрлік заң бұзушылықтарға, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездікке қатысты кез келген фактіге қатаң әрі принципті көзқарас ұстанатынын атап өтті.

Тергеудің объективті әрі жан-жақты өтуі үшін тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы жедел-тергеу тобы құрылғаны да хабарланды.