20 қаңтарда Шымкент қаласындағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жол-көлік апаты орын алып, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған жаппай төбелеске ұласты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry автокөлігі бағдаршамның қызыл түсіне тоқтап тұрған Hyundai Sonata-ға соқтығысқан. Hyundai тізгінінде қаланың 34 жастағы тұрғыны Н.Ешанқұлов болған.
Жол апатынан кейін жүргізушілер мен жолаушылар арасында жанжал басталған. Осы сәтте Toyota Camry-дегілерге көмекке Lexus LX 570 мінген тағы төрт белгісіз адам келген. Сөз таласы төбелеске ұласып, салдарынан М.Қошкенбаевтың мойын тұсына пышақ сұғылған. Ол дереу ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ Н.Ешанқұлов пен В.Колесников та түрлі дене жарақаттарын алған.
Оқиғадан соң белгісіз тұлғалар В.Колесниковты Toyota Camry көлігіне күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Кейінірек полицейлер Camry мен Lexus көліктерін тапты. Сонымен қатар зардап шегушіні кейіннен ВАЗ-2114 көлігіне қайта отырғызып, Ордабасы ауданы жағына алып кеткені анықталды.
Сағат кешкі 19:00 шамасында Темірлан ауылындағы орталық аудандық аурухананың жанынан В.Колесниковтың мәйіті табылды. Оның денесінде соққы іздері мен жарақаттар болған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ ВАЗ-2114 автокөлігіне іздеу жарияланды. Оқиғаның толық мән-жайы тергелуде.